Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілісте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жұманғарин атағандай, маңызды бастамалардың бірі – жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесін енгізу. Мәселен, жылдық табысы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен (33 422 000 теңге) асатын қызметкерлер үшін жоғары 15% мөлшерлемені белгілеу ұсынылады.
Бұл жоғары табысқа қосымша салық салынатын тетікті құруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістерге 10% мөлшерлеме бойынша корпоративтік табыс салығы салынады. Олар қазір салықтан босатылған, - деп айтты Серік Жұманғарин.
Оның сөзінше, квазимемлекеттік сектор субъектілері шығарған бағалы қағаздар бойынша кірістерге салық салу ұсынылады.
Министрдің айтуынша, экономиканың нақты секторын қолдау және инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялар тарту үшін “Бәйтерек” Ұлттық басқарушы холдингі шығарған бағалы қағаздардан түсетін кірістерді 2030 жылға дейін салық салудан босату ұсынылады. Бұл экономикаға жыл сайын 10 трлн теңге қаражат салуға мүмкіндік береді. Зиянды сусындарды тұтынуды азайту мақсатында алкогольсіз энергетикалық сусындарға акциз енгізу ұсынылады.