Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жоғарғы сот: Шерзаттың өліміне тікелей себеп болған соққыны Абзал Шынасыл жасаған

5 Маусым 2025, 17:37
556
Бөлісу:
 Жоғарғы Сот
Фото: Жоғарғы Сот

Бүгін сот Абзал Шынасылды 23 жылға, Равиль Сакиевті 20 жылға, Азамат Тоқтаубаевты 15 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қалған сотталушыларға бұзақылық бабы бойынша ең жоғарғы жаза тағайындалды.

Олар сот процесі барысында барлық дәлелдер мен сараптамалар мұқият қаралғанын атап өтті.

Іс материалдарына сәйкес және сотта анықталғандай, Шерзат Болаттың өліміне әкелген жалғыз соққыны Шынасыл Абзал жасаған. Сондай-ақ ол Сакиевпен бірге жәбірленуші Гаипбаевқа пышақпен шабуылдап, өлтіруге оқталған, – делінген мәлімдемеде.

Іс бойынша екі тәуелсіз сот-медициналық сараптама жүргізілген. Сотта екі сарапшыдан да жауап алынған. Олар бір ауыздан Шерзаттың өлімі сол жақ өкпесіне тиген пышақ жарақатынан, яғни қан жоғалтудан болғанын растаған.

Сарапшылар қорытындысына сәйкес, төбелеске қатысқан өзге адамдардың соққылары жәбірленушінің өліміне себеп болмаған. Олардың әрекеті денсаулыққа жеңіл зиян келтірген деп бағаланған, – деді сот өкілдері.

Сонымен қатар, сот куәгерлердің де әрекетіне құқықтық баға беру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Нұрбекова, Жақсыгелді, Қазыкенов және Рузбакиевке қатысты жеке қаулы шығарылып, материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы облыстық полиция департаментіне жолданған.

Бұл іс бойынша біз тек заң талаптарын басшылыққа алдық. Қайғылы оқиғаның барлық хронологиясы қаралып, дәлелдемелер толық зерттелді, – деп түйіндеді Жоғарғы сот өкілдері.

Бұған дейін Шерзат Болат ісі бойынша 9 сотталушыға үкім шықты. Ал мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болатты тірі болуға лайық еді деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Шерзат ісі бойынша қоғамда үрей бар екенін айтты.

Сондай-ақ прокурор айыпталушыларға қандай жаза тағайындайтынын мәлімдеген еді. Соның ішінде кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа ҚК 434-бабы (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев жарыссөз кезінде маңызды мәлімдеме жасады. Айтуынша, Шерзаттың туыстары кәмелет жасқа толмаған сотталушы Думан Ысқақты кешіруге дайын.

Сондай-ақ, бүгінгі сот отырысында сотталушының адвокаты Шерзат пен оның туыстарына қылмыстық іс қозғауды сұрады. Жарыссөз кезінде сотталушылардың бірінің адвокаты Нұрлан Келебаев кінәсіздік презумпциясының бұзылғаны мен іске қоғамдық қысымның әсер еткенін мәлімдеді.

Дархан Әскентайдың адвокаты оның кінәсін дәлелдеуге негіздер жеткіліксіз деген мәлімдеме жасап, оны ақтауды сұрады. Сондай-ақ айыпталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жұмат Әбенов мәлімдеме жасап, соттағы куәлік пен сараптамалық қорытынды арасында айтарлықтай қайшылықтар бар екенін алға тартты. Ол іске тіркелген пышақ пен нақты оқиға арасындағы сәйкессіздікке назар аударып, пышақты Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов абайсызда салуы мүмкін екенін айтты.

Адвокат Жұмат Әбенов резонансты мәлімдеме жасап, халықты сабырға шақырды. Бүгінгі сот отырысының соңында ол айыпталушы Абзал Шынасылдың шынайы болғанын, бірақ бір сәттік сенгіштігі өзіне кері әсер етіп, істі мойнына ала салғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »