Жетісудағы шағын мектептердің жайы қандай

16 Мамыр 2025, 18:33
206
Бөлісу:
Жетісудағы шағын мектептердің жайы қандай
Фото: автордан

Жетісу облысында 315 жалпы білім беретін орта мектеп бар, олардың ішінде 136-сы – ауылдық шағын жинақты мектептер. Олардың дені жабылу алдында тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кадр мәселесі күн тәртібінде түскен емес

Облыста 12 бастауыш, 30 негізгі және 94 жалпы орта мектеп жұмыс істейді. Шағын жинақты мектептерде қазіргі таңда 12 579 оқушы білім алуда. Жетісудың кең байтақ даласында әрбір ауыл – тұтас бір әлем. Бұл шағын мектептер тек білім ордасы ғана емес, сол ауылдың жүрегі, рухани тірегі саналады. Олар өз бойында ұлттың өткені мен болашағына деген үмітті қатар сақтайды. Мемлекет басшысы білім беру саласын түбегейлі жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтып, 2027 жылға дейін барлық мектептерді жоғары жылдамдықтағы интернетке қосу қажеттігін атап өтті. 

Сонымен қатар, барлық оқушыларға сапалы білім беру контентін ұсынатын заманауи цифрлық платформаларды, соның ішінде электронды оқулықтарды қолжетімді ету міндеті тұр. Қашықтан оқыту жүйесін кеңінен енгізу арқылы дәстүрлі және онлайн форматтардың үйлесімі оқушылардың білімге деген ынтасын арттырып, өз бетінше іздену қабілетін дамытады. Алайда, шағын жинақты мектептердің дамуына кедергі келтіретін бірқатар түйткілдер бар.

Біріншіден – инфрақұрылым әлсіздігі. Көптеген мектептердің ғимараттары ескірген, материалдық-техникалық жабдықтар жеткіліксіз. Спорт залдары, акт залдары, кітапханалар жоқ немесе талапқа сай келмейді. Бұл тек жайсыздық емес – бұл балалардың жан-жақты дамуына елеулі кедергі.

Екіншіден – мұғалім жетіспеушілігі. Ауылдық жерлерге білікті мамандарды тарту – үлкен проблема. Жас педагогтар көбіне қалада қалуды қалайды. Осыған орай, оларға лайықты әлеуметтік жағдай жасау – баспана, көтерме ақы, кәсіби дамуға мүмкіндік беру секілді шаралар қолға алынуы тиіс. Қашықтан оқыту мүмкіндіктері арқылы шалғай ауылдарға басқа өңірлерден мұғалім тарту жолы да қарастырылуы қажет.

Оқушылар мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Шағын мектептердегі бала санының аздығы бір жағынан жекелей оқытуға жағдай жасаса, екінші жағынан оқу процесін шектейді. Қалалық мектептермен салыстырғанда бейіндік және элективті пәндер, үйірмелер мен қосымша сабақтар мүлде жоқтың қасы. Бұл – ауыл баласының әлеуетін ашуға кедергі. Ал интернет пен электронды ресурстар әлі күнге дейін көп ауылдарда арман күйінде қалып отыр.

Әлеуметтік қиындықтар да тереңде жатыр. Ауылдағы әлеуметтік оқшаулану, отбасындағы қиын жағдайлар – жұмыссыздық, ішімдік, кедейлік – оқушының тұлғалық дамуына кері әсер етеді. Сонымен қатар, мектепке қатынау да үлкен мәселе: жолдың нашарлығы, көлік қатынасының болмауы білімге деген қолжетімділікті шектейді, - дейді Жетісу облысы әдістемелік орталығы әдіскері Айгуль Тогасова.

Оқу бағдарламасы мен оқу құралдарының сәйкестігі де маңызды мәселе. Республика бойынша біріздендірілген білім стандарты бар болғанымен, шағын мектептер үшін бұл талаптарды орындау оңай емес.

Қаржыландыру мәселесі де өзекті. Ауыл мектептерінің бюджеті қала мектептерімен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сондықтан қаржыландыру жүйесін қайта қарап, мектептердің ерекшелігіне сай икемді тәсіл енгізу қажет. Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін арнайы гранттар мен демеушілік көмектер тарту маңызды рөл атқарады.

Шешім ретінде тірек мектептерін дамыту – тиімді жол. Бұл мектептер сапалы жабдықтармен, білікті кадрлармен қамтамасыз етіліп, барлық оқушылар үшін тең білім алу мүмкіндігін ұсына алады. Компьютерлер, интерактивті тақталар, жоғары жылдамдықты интернет – қазіргі заманғы білім беру жүйесінің негізгі құралына айналуы тиіс, - дейді Жетісу облысы әдістемелік орталығы әдіскері Гүлнәз Құдайбергенова.

Сонымен қатар, оқушылар мен олардың отбасыларына жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету — міндет. Мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу, әлеуметтік осал отбасылармен жұмыс істеу, көлік мәселелерін шешу – оқу және тәрбиелеу процесінің табысты жүруінің кепілі болмақ.

Жетісудағы шағын мектептердің жайы қандай

Алтынемел орта мектебі – ауыл болашағының алтын діңгегі

Алтынемел орта мектебі МДШО КММ – ауылдың жүрегіне айналған, балғын ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты мұрат еткен шағын жинақты мектептердің бірі. Мектеп ұжымы қаншалықты қиындықтарға тап болса да, өз жұмысын адал атқарып, ауыл баласының болашағы үшін аянбай еңбек етіп келеді.

Шағын жинақты мектепке тән бірқатар мәселелер Алтынемел мектебін де айналып өтпейді. Материалдық-техникалық база – қала мектептерімен салыстырғанда әлдеқайда әлсіз. Жаңа технологиялар, зертханалық құралдар мен интерактивті оқу жабдықтарының жетіспеушілігі оқу процесіне кері әсер етеді. Мұғалім тапшылығы да күрделі мәселе. 

Кей пәндер бойынша білікті мамандардың жетіспеуі оқушылардың толыққанды білім алуына кедергі. Ал оқушы санының аздығы, бір жағынан, әр балаға жеке назар аударуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, ұжымдық іс-шаралар мен байқауларға қатысуда белгілі бір шектеулер туындатады.

Дегенмен, бұл мектептің өз артықшылықтары да бар. Шағын сыныптар – мұғалімнің әр балаға тереңірек көңіл бөлуіне жағдай жасайды. Ата-аналар мен ауыл тұрғындарының мектепке деген сүйіспеншілігі, жанашыр көзқарасы – білім ошағының жұмысын жандандыра түседі.

Мектеп ұстаздары, барша қиындықтарға қарамастан, оқушылардың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасап отыр. Мектеп түлектері бүгінде түрлі салада табысқа жетіп, өз мектебінің абыройын асқақтатып жүр. Егер мектептің материалдық-техникалық әлеуеті артып, интернет желісі, заманауи оқу құралдары толық қолжетімді болса, оқушылардың білім сапасы мен жетістігі бұдан да жоғары болары анық,  - дейді педагог Рауан Мырзахмет.

Шындығында, ауыл мектебі – бұл тек білім мекемесі ғана емес, ауылдың мәдени-рухани орталығы. Оның дамуы – бүкіл қауымдастықтың ортақ жауапкершілігі.

Осы мақсатта бүгінде ауыл мектептерінің білім сапасын арттыруға бағытталған арнайы жобалар қолға алынуда. Солардың бірі – «Табысты мектеп» жобасы. Бұл бастама ауыл мектептерін қаладағы озық білім беру ұйымдарының тәжірибесімен ұштастыруға бағытталған. Жобаның негізі – ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайтып, дарынды балаларға арналған мектеп-лицейлермен тәжірибе алмасу арқылы сапалы білімге қол жеткізу.

Тағы бір маңызды бастама – «Нәтижеге негізделген интеграция» жобасы. Бұл жоба нәтижесі төмен мектептерге мықты, табысты мектептердің қамқорлығын ұйымдастыру арқылы білім сапасын көтеруді мақсат етеді. Аталған жобалар ауыл мектептерінің әлеуетін арттыруға, оларды білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілетті етуге бағытталған нақты қадамдар болып отыр.

Шағын жинақты мектептердің түйткілдерін шешу – тек білім саласының ғана емес, мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Әр бала, қай жерде тұрса да, сапалы білім алуға, өз қабілетін дамытуға тең құқылы. Өйткені, дәл осындай ауыл мектептерінде еліміздің болашағын қалыптастыратын ұрпақ өсіп келеді.

Қорытындылай келе, мемлекет тарапынан ауыл мектептеріне қолдау көрсетілуі, олардың дамуына ерекше көңіл бөлінуі – бұл рухани-мәдени тірек саналатын ауыл мектебін сақтап қалуға бағытталған игі қадам. Еліміздің әлеуметтік, мәдени, экономикалық болашағына үлес қосатын, парасатты, білімді, дені сау ұрпақты тәрбиелеу – ұстаздар қауымының маңдайалды міндеті. Бұл міндетті ауыл мұғалімі, ауыл мектебі – бар ықыласымен атқарып келеді.

Кеңжыра орта мектебі – өткеннің тарихы мен болашақтың бағдары

Кеңжыра орта мектебі – тамыры тереңге жайылған, ауылдағы ағарту ісінің алтын діңгегіне айналған білім ордасы. Бұл мектеп – тек оқу орны ғана емес, тұтас бір ұрпақтың өмір жолына бағыт-бағдар берген қасиетті қара шаңырақ.

Мектеп тарихы елімізде жаппай сауаттандыру науқаны басталған кезеңмен тығыз байланысты. 1935 жылы алғашқы сауат ашу мектебі ашылып, ауыл тұрғындарына білімнің алғашқы шамы жағылды. 1960 жылға дейін бастауыш мектеп ретінде қызмет етіп, 1963 жылы сегізжылдық мектеп мәртебесін алды. Ал 1969 жылы Кеңжыра орта мектебі орыс-қазақ аралас мектеп ретінде қайта құрылып, жаңа кезеңге қадам басты.

Уақыт талабына сай білім ордасының мүмкіндігі де кеңейе түсті. Тарас пен Еңбек ауылдарынан, сондай-ақ малшы отбасы балалары үшін интернат салынып, оқушыларға оқу мен тұруға қолайлы жағдай жасалды. Алайда бұл интернат 1980 жылы жабылып қалды.

1983 жылы депутат Тұрсын Әбдуәлиевтің қолдауымен заман талабына сай, кең әрі жарық, барлық қажетті құралдармен жабдықталған 624 орынды жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Бұл – Кеңжыра ауылының білім саласындағы зор жетістігі еді.

Бүгінде халық санының азаюына байланысты мектеп шағын жинақты мектеп ретінде жұмыс істеп келеді. Соған қарамастан, 2024–2025 оқу жылында мектепте 149 оқушы, 24 педагог білім мен тәрбие беруде. Мұғалімдердің құрамында 4 зерттеуші, 7 сарапшы, 8 модератор және 5 педагог санатындағы тәжірибелі мамандар қызмет етеді.

Мектепте барлығы 12 сынып-комплект бар. Оқушы санына қарай біріктірілген сыныптар жоқ. Ең аз оқушы саны 10-сыныпта – 6 бала, ал ең көп 5-сыныпта – 22 оқушы білім алуда. 11-сынып оқушылары жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша екі топқа бөлініп оқиды. Бұл – оқушылардың бейіндік бағдарын нақты айқындауға мүмкіндік береді.

Шағын жинақты мектептердің басты артықшылығы – мұғалімнің әр оқушыға жеке көңіл бөле алуында. Бұл оқу процесінің сапасын арттырып, оқушылардың білімді толық меңгеруіне жол ашады. Кеңжыра мектебінің шәкірттері облыстық, республикалық олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындар алып, өз білімдері мен қабілеттерін дәлелдеп жүр, - дейді педагог Ақбөпе Жиенқұлова.

Бүгінгі таңда мемлекет шағын жинақты мектептерді назардан тыс қалдырмай, қолдау көрсетіп келеді. Оқу-ағарту министрлігінің бақылауымен шағын мектептерді сақтау және дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Алайда шешімін қажет ететін мәселелер де бар. Соның бірі – мектеп ғимаратының тозуы және материалдық-техникалық базаның әлсіздігі.

Бұл мәселені шешу бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Атап айтқанда, аудан орталығындағы “Е.Сиқымов атындағы орта мектеп” базасында тірек мектеп (ресурстық орталық) құрылып, Кеңжыра мектебі осы орталықпен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Мұндай әріптестік ғылыми-әдістемелік қолдау, кадрлық ресурсты нығайту, оқу сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Қорытындылай келе, Кеңжыра орта мектебі – өткен ғасырдың ауыр жолынан өтіп, бүгінгі күнге жеткен, болашаққа нық қадам жасап келе жатқан білім ордасы. Оның тарихы – тұтас бір ұрпақтың тағдыры, ал болашағы – елдің ертеңі. Мұндай мектептерді сақтау мен дамыту – барша қоғамның ортақ борышы.

Бірлік орта мектебі – білім мен үміттің ордасы

Бірлік орта мектебі – ауылдағы балаларға білім мен тәрбие беріп отырған шағын жинақты мектеп. Қазіргі таңда мектепте 109 оқушы білім алып, 24 педагог қызмет атқаруда. Оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда мектеп бірқатар артықшылықтармен қатар, күрделі кедергілермен де бетпе-бет келіп отыр.

Мектептің негізгі проблемаларының бірі – материалдық-техникалық базаның әлсіздігі. Заманауи құрал-жабдықтар мен зертханалық құрылғылардың жеткіліксіздігі – әсіресе жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерде тек теориямен шектелуге мәжбүрлеп, практикалық білімнің терең меңгерілуіне кедергі келтіруде.

Интернет желісінің баяулығы – білім беру платформалары мен цифрлық ресурстарды толыққанды пайдалануға мүмкіндік бермейді. Бұл өз кезегінде оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, білім сапасын көтеру мүмкіндігін шектейді.

Кадр тапшылығы да өзекті мәселе. Уақытша негізде қабылданған қосалқы педагогтар арқылы ғана пән мұғалімдерінің жетіспеушілігі шешіліп отыр. Алайда бұл жағдай сабақтың жүйелілігін бұзып, оқу сапасына теріс әсерін тигізуде. Бір пәннен бірнеше мұғалімнің ауысып оқытуы – оқушылардың біліміндегі олқылықтардың туындауына себеп болып отыр.

Мектептегі қосымша білім беру ісінің де жолға қойылуы қиын. Спорттық және шығармашылық үйірмелердің тұрақты жұмыс істеуіне қажетті материалдық-техникалық базаның болмауы – оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне, қабілеттерін дамытуға кедергі келтіруде.

Білім алушылар санының аздығы – бір жағынан әр балаға жеке назар аударуға, оқу бағдарламасын терең қамтуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан топтық жұмыс ұйымдастыруда және ұжымдық тәрбиелік шараларда қиындықтар туғызады. Бұл әсіресе психологиялық қолдау мен әлеуметтік бейімделуге байланысты жұмыстарда айқын сезіледі.

Қорытындылай келе, Бірлік орта мектебі – ауыл балаларына сапалы білім беру жолында табанды еңбек етіп келе жатқан ұжым. Барлық қиындықтарға қарамастан, мектеп ұжымы әр оқушының бойындағы әлеуетті ашуға, тұлғалық дамуына ықпал етуге бар күшін салуда. Егер материалдық-техникалық база нығайтылып, интернет жылдамдығы арттырылса, білікті кадрлармен тұрақты қамтамасыз етілсе – бұл мектептің әлеуеті әлдеқайда жоғары деңгейге көтерілуі сөзсіз.

Мемлекет пен жергілікті әкімдік тарапынан қолдау табылған жағдайда, Бірлік мектебі ауылдың ғана емес, өңірдің болашағына қызмет ететін, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беретін тірек мектепке айналары анық.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »