Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жетісуда интернет алаяқтарымен күрес күшейді

Кеше, 15:39
516
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Айлакерлер жалпы өңір тұрғындарының 600 млн теңгеге жуық қаржысын жымқырған. Бүгінде бұл шығынның 6-дан 1 бөлігі ғана қайтарылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алаяқтармен күрес ешқашан аяқталмайды

Интернет әккілері қарапайым халықтың жинаған қорына оңай қол сұға алады. Көбіне олар егде жастағы тұлғаларға ауыз салады. Жылдам ақша табудың тәсілдерін көрсете отырып, жинаған ақшасын жымқырып кетеді. Мәселен, осы жылдың алғашқы бес айының қорытындысына сүйенсек, әлеуметтік желінің құрбанына айналған тұрғындар саны көбейген. Сол себепті өңірде интернет алаяқтық деректеріне қарсы күрес күшейген. Бұл салада полиция департаменті, прокуратура, ҰҚК және басқа да құрылымдар өзара тиімді әрекеттестік танытып отыр. Дегенмен жылдан жылға өршіген қылмыстық істі толық тоқтату мүмкін емес. Бұл ретте тұрғындардың тұлғалық сауаттылығы маңызды.

Облыс аумағында барлығы 215 интернет-алаяқтық дерегі тіркеліп, оның 54,2 пайызы әшкереленді. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Былтыр 20,8% болған еді. Аса ауыр санатқа жататын қылмыстардың ашылу деңгейі тіпті жоғары – 87,7 пайызды құрады. 130 қылмыстық іс аяқталып, оның ішінде 122 іс сотқа жолданды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда төрт есеге артық. Алаяқтар келтірген жалпы материалдық шығын 588 миллион теңгеден асып жығылса, оның 88 млн-нан астамы жәбірленушілерге қайтарылды, - дейді Жетісу облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысының орынбасары Серік Демейов.

Оның айтуынша, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға қатысы бар екі ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленіп, жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде 75 эпизодтан тұратын күрделі қылмыстық іс және “ToрНат” қолма-қол ақшаны айналдыру орталығының негізін қалаған азамат “С”-ке қатысты 38 эпизодтан тұратын іс сотқа жолданған.

Биыл 6 наурызда облыстық ПД мен ҰҚК бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен интернет-алаяқтық үшін қолданылған IP-мекенжайларын жасыратын прокси-серверді анықтап, азамат “Д” ұстаған. Қылмыстық іс ҚР ҚК 213-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа жолданыпты. Ал 13 наурызда тағы бір бірлескен операция барысында 96 слотты 7 Sim-box құрылғысын заңсыз сақтаған азамат “В” ұсталып, одан 50 000-нан астам SIM-карта тәркіленген. Бұл дерек бойынша да қылмыстық іс ҚР ҚК 213-бабының 2-бөлігімен тіркелген. Сол секілді қылмыстар көптеп кездеседі.

Қазір алаяқтарды халыққа қызмет көрсететін орындардағы мамандардан айыра алмайсың. Олар да 1414 арқылы хат жолдап, бәрін заңның аясында көрсетіп береді. Көбіне ауыл халқы алданып қалады. Почтаға маңызды құжаттар келіп тұр деп, мекенжайы мен телефонға келген кодты сұрайды. Сол арқылы басынан несие алады. Онлайн несие алу оп-оңай. Ең өкінішті олар ұрланған қаржыны қайта қайтармайды. Құзырлы органдар да бұл істе қауқарсыз. Сондықтан бөтен нөмірді алмаған абзал, - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Айнагүл Аязбек.

Бүгінде интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында халықпен жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Департаменттің бастамасымен және қалалық полиция басқармасы бөлімшелерінің қатысуымен апта сайын профилактикалық шаралар ұйымдастырылып келеді.

Халықтың құқықтық сауатын арттыру мақсатында QR-код арқылы қолжетімді бейнематериалдар енгізілген жаңа үлгідегі брошюралар дайындалды. Биылдың өзінде мешіттерде, базарларда, ойын-сауық орындарында, оқу мекемелерінде, медициналық ұйымдарда барлығы 85 мыңға жуық жадынама мен брошюра таратылды. Сонымен қатар, интернет кеңістігін бақылау барысында 2184 заңсыз сайт, мәселенки порнографиялық, экстремистік т.б. анықталып, бұғаттау шаралары қолданылды. Жоғары технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 642 бейнеролик интернетке жарияланды, - дейді С.Демейов.

Интернет-алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында облыс аумағында екі мәрте “Anti-fraud” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілген. Осы акциялар барысында тәулік ішінде 3 жаңа қылмыс ашылып, бұған дейін жасалған 74 қылмыстың беті ашылыпты. Киберқылмыстармен жүйелі күрес жүргізу үшін бірнеше өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумдар да бекітілген. 

Осы күні Жетісу облысында интернет-алаяқтыққа қарсы кешенді шаралар жалғасып жатыр. Заңсыз жолмен баюға тырысқан киберқылмыскерлердің жолы кесіліп, халықтың құқықтық сауаттылығы артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғасатын болады.

Есірткі қылмысы да едәуір

Жасөспірімдер арасында, тіпті оқушылар арасында синтетикалық ескірткі қолдану ісі қарқын алып барады. Сол себепті тәртіп сақшылары есірткі қылмыстарына қарсы бағытталған күресті күшейтіп отыр. Бұл бағытта бірқатар нәтижелерге де қол жеткізген. Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмыстарымен күрес басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде 75 есірткіге қатысты қылмыстық іс тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Өткен жылы 62 жағдай анықталған еді.

Аталған істердің 41-і – ауыр дәрежедегі наркобизнеске қатысты. Оның ішінде 27 жағдайда есірткі сату фактісі (ҚР ҚК 297-бап), 7 факті аса ірі көлемде сақтау (ҚР ҚК 296-бап 4-бөлім), сондай-ақ алғаш рет трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу дерегі (ҚР ҚК 264-бап) тіркеліп отыр. Сонымен қатар, есірткіні заңсыз жарнамалау, тыйым салынған өсімдіктерді өсіру, және есірткімен жұмыс жүргізу ережелерін бұзу бойынша да істер қозғалған. Сонымен бірге, 34 наркопроступок яки әкімшілік сипаттағы заңбұзушылық анықталған. Олардың көпшілігі – есірткіні сақтау деректері, - дейді облыстық ПД есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Нұржан Сейсенбеков

Заңсыз айналымнан алынған заттар көп. Жыл басынан бері 54 келі 313 граммнан астам түрлі есірткі түрлері тәркіленді. Оның ішінде: марихуана – 37 кг 625 грамм, гашиш – 416 грамм, синтетикалық есірткі – 15 кг 290 грамм, тыйым салынған өсімдіктер – 981 грамм бар. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылы бұл көрсеткіш 87 кг-дан асқан екен. Синтетикалық есірткі көлемінің азаюы – алдын алу шараларының тиімділігін аңғартады.

Ата-ана ретінде балалардың болашағына алаңдаймыз. Баланы ортасы бұзады. Қазір жастар электронды темекі тартуға әуес. Бұл есірткіге апаратын алғашқы қадам секілді. Жетісу облысының құқық қорғау органдары мен қоғамдық институттарының есірткіге қарсы бірлесе жүргізіп отырған шаралары өңірдегі ахуалды тұрақтандыруға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына бағытталып отыр. Осы дүниені оқушыларға да нақтылап түсіндіру шарт. Қолға алынған бастамалар әрі қарай да жүйелі түрде жалғасын табу қажет”, дейді көпбалалы ана Жамалым Жақсыбекова.

Мәселен, биылдан бастап күшіне енген жаңа заң аясында есірткіні медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жаңа 440-1-бапқа сәйкес, бірінші рет ұсталған адамға 40 АЕК көлемінде айыппұл немесе 9 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы тағайындалады. Қайталанса – 80 АЕК немесе 20 тәулікке дейін қамауға алынады. Бұл жерде ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Сондай-ақ, ҚР ҚК 297-бабына да өзгерістер енгізілді. Енді есірткіні заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау және сату үшін берілетін жаза мерзімі қысқарып, 5 жылдан 12 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Алайда, мүлікті тәркілеу жазасы сақталған. Курерь болуға асық, жеңіл ақша табуға бейіл жастар заңнан қашып құтыла алмайды.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, облыста 236 адам есірткіге тәуелді ретінде арнайы есепте тұр. Оның ішінде 47-сі – 18 бен 29 жас аралығындағы жастар. Сонымен қатар, 78 адам зиянды түрде есірткі қолданатындар ретінде консультативтік есепке алынған. Стационарлық жағдайда 18 адам ем қабылдап, олардың екеуі – мәжбүрлі түрде емделген. Осы ретте нашақорлық пен наркобизнеске қарсы кешенді жоспардың аясында 60-тан астам алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылған. Бұл қатарда 18 акция, 13 семинар, 497 дәріс, 36 кездесу, 26 мәдени-спорттық шара, 8 байқау, 7 рейд, 10 дөңгелек үстел, 2 граффитиді бояу акциясы және 1 баспасөз брифингін айтуға болады. Жалпы, 43 мыңнан астам оқушы мен студент қамтылған. Ақпараттық кеңістікте де жұмыс белсенді жүргізілген. Әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарында 705 материал жарияланған.

ІІМ нұсқауына сай облыстық есірткі қылмыстарының алдын алу кеңесі құрылып, оған қоғам белсенділері тартылды. Есірткі таратушылар мен сайттарға тосқауыл қойылып жатыр. "Telegram" мессенджеріндегі 1135 есірткі жарнамалаушы сайт анықталып, бұғатталды. "Антифрод" жүйесі арқылы 136 банктік шот жабылып, 23,5 млн теңгеден астам қаражат бұғатталған. Облыстық прокуратурамен бірлесіп тағы 688 шот бұғатталып, 103 млн теңгеден аса қаражаттың айналымына тосқауыл қойылды. Жыл басынан бері есірткі бизнесімен айналысқан 3 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Сонымен қатар, Алматы қаласының полиция департаментімен бірлескен "бақыланатын жеткізілім" операциясы жүзеге асырылды, - дейді облыстық ПД бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов.

Айта кетейік, жақында облыстық полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Сәкен Құсайыновтың бастамасымен ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура, шекара қызметі, экономикалық тергеу, кірістер департаменті және жазаларды орындау жүйесі қызметкерлері қатысқан ауқымды "дөңгелек үстел" өткен еді.

Кездесуде прекурсорлар мен синтетикалық есірткі өндірісіне қажетті жабдықтардың заңсыз айналымына қарсы шаралар талқыланды. Оған қоса "Қарасора-2025" операциясы да қолға алынды. Ондағы мақсат – есірткі өсімдіктерін заңсыз өсірудің жолын кесу, транзитін анықтау, қылмыстық топтарды жою болып табылады.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »