Жетісу облысы құрылғаннан бері ондаған мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 15 білім ордасы ашылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы облысы тұсында қазір Жетісу өңірінің территориясындағы ауылдарға көңіл көп бөлінбеді. Тиісінше аурухана, спорт нысандары, білім мекемелері де аз салынды. Үлкен облыс бөлініп, жеке дара облыс болған соң бұл мәселелердің шешімі табылғандай. Бүгінде инфрақұрылым жүйелері ретке келіп, экономикалық көрсеткіші жоғарылап келеді. Әлеуметтің де жағдайын да оң өзгерістер байқалады.
Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде әлеуметтік инфрақұрылым айтарлықтай дамып келеді. Осы уақыт ішінде жалпы 5310 оқушыға арналған 15 жаңа мектеп бой көтеріп, бейімделген мектептердің саны 69-дан 39-ға дейін азайды. Биылдың өзінде 1080 орындық 4 жаңа мектеп іске қосылады. Айта кетерлігі, бүгінде облыста үш ауысымды мектеп мүлдем жоқ. Оқушы орны тапшылығының алдын алу үшін қазіргі заман талабына сай жабдықталған жаңа мектептер кезең-кезеңімен салынып жатыр, - дейді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев.
Атап айтсақ, Ақсу ауданында 2 мектеп, Сарқан ауданында 2 мектеп, Қаратал ауданында 2 мектеп, Талдықорған қаласында 2 мектеп, Көксу ауданында 3 мектеп, Панфилов ауданында 4 мектеп ел игілігіне берілген. Бұл қатарда Панфилов ауданы, Жаркент қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынған 1200 орынды мектеп те бар. Заман талабына сай білім ордалары көбеюде.
Ең бастысы шалғай ауылдардағы мектептер жөндеуден өтіп жатыр. Жаңа мектептер оқушылардың еркін білім алуына жол ашуда. Енді мамандарға көбірек көңіл бөлінсе дейміз, -дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Айнұр Тарақбаева.
Келер жыл да бірнеше білім ордасы жөндеуден өтіп, жаңа форматта жабдықталады.