"ҚазАвтоЖол" "Ақтөбе – Мәртөк – РФ шекарасы (Орынборға)" автожолының учаскесіндегі жағдайға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Компанияның хабарлауынша, "Жайсан" өткізу пунктінде жол-құрылыс жұмыстары басталған.
«Ақтөбе – Мәртөк – РФ шекарасы (Орынборға)" автомобиль жолының жалпы ұзындығы 92 шақырымды құрайды. 2025 жылғы 22 мамырдан бастап аталмыш жолдың 54-84 және 95-99 шақырым аралығындағы учаскелерінде (жалпы 34 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары басталды. 2025 жылғы 3 маусымдағы жағдай бойынша 3,5 шақырымда төменгі қабат асфальтбетон жабыны төселді, - деп жазылған хабарламада.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы жөндеу жұмыстары басталғалы бері (13 күн бойы) жол-құрылыс жұмыстарына байланысты бұл учаскеде көлік кептелісі тіркелмегенін атап өтті. Бекітілген ордерге сәйкес, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеде және 96-98-шақырымдағы айналма жолда қозғалыс штаттық режимде жүргізіліп жатыр. Қозғалысқа кедергі жоқ.
"Жайсан" өткізу пунктінің алдында 1 шақырым екі қабат жол салу жұмыстары ғана қалды. Бұл ретте көлік қозғалысы кептеліс тудырмайтындай түрде жүзеге асырылуда. Осылайша, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары шекарада көліктердің жиналуына немесе кептелістің пайда болуына себеп емес, - деп жазды "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы.