Соңғы жылдары Қазақстанда білім беру инфрақұрылымындағы түйткілдер жиі көтеріліп келеді. Үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің көбеюі, ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылық, заманауи оқу құралдарының жетіспеуі... Мұның барлығы ел болашағы саналатын балалардың сапалы білім алуына кедергі келтіретін факторлар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы мәселелерді шешу мақсатында елімізде 2023 жылдан бастап "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы іске қосылғаны белгілі. Бұл – тек мектеп салу емес, балаларға қолайлы, қауіпсіз және инклюзивті білім кеңістігін құру жолындағы ауқымды бастама. Осы орайда "Жайлы мектеп" деген не?" деген сұраққа жауап іздеп көрген едік.
"Жайлы мектеп" деген не?
Білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жоба. Жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 208 заманауи мектеп салу көзделіп отыр. Сонымен қатар 652 мыңға жуық оқушы орнын ашылады деп күтілуде. Жоба арқылы ел бойынша апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жойылады.
"Жайлы мектеп" нені міндет қылып алды?
"Жайлы мектеп" жобасының басты мақсаты – еліміздегі мектеп тапшылығын жою, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу, сонымен қатар, барлық балаларға бірдей сапалы білім алу жағдайын жасау.
- 2025 жылға дейін 842 мың оқушыға арналған жаңа мектептер салу;
- Үш ауысымды және апатты мектептерді жою;
- Қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру;
- Мектептерді бір стандартпен салу (архитектуралық және оқу жабдықтары бойынша);
- Бір ауысымда оқу жүйесін қамтамасыз ету.
Жоба неліктен қажет болды?
2022 жылғы ресми деректерге сүйенсек, елімізде 160-тан астам үш ауысымды мектеп жұмыс істеген. Сондай-ақ 250-ден астам мектептің қабырғасы апатты деп танылған. Ал қалаларда халықтың көбеюіне байланысты оқушы орындарының тапшылығы 300 мыңнан асқан.
Мұндай жағдайлар оқушылардың сапалы білім алуына, мұғалімдердің тиімді жұмыс істеуіне үлкен кедергі келтірді. Әсіресе, ірі қалаларда мектептердегі шектен тыс сынып жүктемесі, тар бөлмелер және жеткіліксіз құрал-жабдықтар мәселесі өткір тұрды. "Жайлы мектеп" осыны шешудің жүйелі жолы ретінде ұсынылды.
"Жайлы мектеп" – қандай мектеп?
Жоба бойынша салынатын барлық мектептер бірегей стандартпен жабдықталады. Яғни әр мектеп:
- 1000, 1500, 2000 немесе 3000 орынға лайықталып салынады;
- Жеке спорт зал, асхана, кітапхана, ІТ және STEM кабинеттерімен қамтылады;
- Әр сынып заманауи техникамен (интерактивті тақта, ноутбук, интернет) жабдықталады;
- Инклюзивті орта қарастырылады – мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы пандус, лифт, арнайы жабдықталған сыныптар болады;
- Қауіпсіздік жүйелері орнатылады: бейнебақылау, турникеттер, дабыл түймелерімен қамтылады.
Мектептер бір ауысымда оқытуды қамтамасыз етуі тиіс – бұл білім сапасына оң әсер ететіні дәлелденген.
Жобаны қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. 2023-2025 жылдар аралығында:
- 369 жаңа мектеп салу жоспарланған;
- Бұл мектептер 842 мың оқушы орнын қамтамасыз етеді;
- Жалпы жоба құны – 2,6 трлн теңгеден асады.
Бүгінде Астана, Алматы, Шымкент, Қонаев сияқты қалаларда және көптеген облыстарда жаңа мектептер құрылысы жүріп жатыр. Бірқатары 2024 жылдың өзінде пайдалануға берілді.
"Жайлы мектеп" – болашаққа салынған инвестиция
Бұл жоба – тек білім беру инфрақұрылымын жаңарту емес. Бұл – ел болашағына салынған ұзақмерзімді инвестиция. Білім беру мекемесінің физикалық жай-күйі баланың оқуына, психологиялық жағдайына және жалпы даму деңгейіне тікелей әсер етеді. Жаңа мектептерде баланың білім ғана емес, тұлға ретінде дамуына жағдай жасалады.
"Жайлы мектеп" – тек құрылыс нысандарының тізбесі емес. Бұл – жаңа ұрпақтың талаптарына сай білім кеңістігі, мұғалімдер мен оқушылар үшін сапалы орта, ата-ана сенімін арттыратын бастама. Балалар жылы, қауіпсіз, кең әрі толық жабдықталған мектептерде оқуы тиіс – бұл мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.
Еске салсақ, 20 мамырда BAQ.KZ тілшісі Астана қаласының Үркер тұрғын алабына барып, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында биылғы қаңтарда пайдалануға берілген №33 орта мектепті көріп қайтты. Директордың айтуынша, бұл мектеп 1 жылдың ішінде салынып біткен.
Орталық коммуникациялар алаңында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын жүзеге асыру туралы журналистер сауалдарына жауап бере отырып, "Әрбір оқушы жайлы мектепте оқып жүрген жоқ" деген болатын. Сондай-ақ, министр "Жайлы мектеп" пен "Келешек мектептерінің" айырмашылығы неде екенін түсіндіріп берді.