Бүгін, 2 маусымда Ыстамбұлда Ресей мен Украина делегациялары арасында өткен келіссөздер барысында екі тарап ІАҚ басталғаннан бергі ең ірі тұтқындар алмасуына және қаза тапқан әскери қызметшілердің денелерін беру жөнінде уағдаласты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ресей делегациясын президенттің көмекшісі Владимир Мединский басқарды. Оның айтуынша, тұтқындар алмасуы 1000-нан 1200-ге дейін адамды қамтымақ. Бұл алмасу "барлығы үшін" форматында, әсіресе 25 жасқа дейінгі сарбаздар мен ауыр жаралыларға қатысты іске асады. Сонымен қатар, тараптар ауыр жаралыларды алмасу үшін медициналық комиссиялар ұйымдастыруға келісті.
Кездесуде Ресей майдан шебінің кейбір учаскелерінде қаза тапқандардың денелерін әкету үшін атысты тоқтату режимін ұсынды. Мәскеу Украинаға 6 мың әскери қызметшінің денесін біржақты тапсыруға дайын екенін мәлімдеді.
Балалар мәселесі де талқыланды. Украина Ресейге 339 баланың тізімін берді. Ресей тарапы бұл деректерді жеке-жеке зерттеп, жауап беруге уәде етті. Бұған дейін Украинаға 101 бала қайтарылған, ал Киев Ресейге 20 баланы қайтарған.
Украина делегациясын Қорғаныс министрі Рүстем Умеров басқарды. Ол қаза тапқан әскери қызметшілерді "6000-6000" формуласы бойынша айырбастауға дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Украина атысты 30 күнге толық тоқтату талабын қойып, қауіпсіздік кепілдіктері мен санкцияларды талқылауды ұсынды. Келесі келіссөздерді 20-30 маусым аралығында өткізу жоспарланып отыр.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған келіссөздерді "керемет" деп бағаласа, Литва, Польша және АҚШ өкілдері Украинаға қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.