Қазақстанның соңғы жаңалықтары

«Ұлттық қор – балаларға»: 7 миллионға жуық балаға қаражат аударылды

2 Маусым 2025, 08:33
388
Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

Мемлекет болашақ ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында «Ұлттық қор – балаларға» атты ұзақмерзімді қаржылық қолдау тетігін іске асыруда. Бүгінде бағдарлама аясында 7 миллионға жуық балаға қаражат аударылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған бастама алғаш рет 2022 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған болатын.

Бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде іске қосылды. Оны Қаржы министрлігі жүзеге асырады және ол Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын 18 жасқа дейінгі балалардың жеке шоттарына мерзімінен бұрын алу құқығынсыз аударуды көздейді. Жиналған қаражатты тек тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсауға болады.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы бағдарламаға 6 919 131 бала (2006–2023 жылдар аралығында туғандар) қатысты. Олардың әрқайсысына $100,52 мөлшерінде қаражат есептеліп, жалпы сома $695,5 млн-ды құрады. 2024 жылы олардың ішінде 18 жасқа толған 304 815 балаға $30,6 млн аударылды.

2025 жылы қатысушылар саны 6 921 035 балаға жетті. Биыл 324 430 бала 18 жасқа толады. Осы жылы бір балаға есептелетін сома $129,38 болды. Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан балалардың жинағы $232,94-ке жетті. Жалпы алғанда, Ұлттық қордан балаларға бөлінген қаражат $1,5 млрд-ты құрады.

Бүгінге дейін тұрғын үй немесе оқу ақысын төлеуге арналған 118 мыңнан астам өтінім қабылданып, оның 97 мыңы қанағаттандырылды. Жалпы төлем көлемі $11,4 млн болды:

  • тұрғын үйге — 56 591 өтінім орындалып, $6,65 млн төленді;
  • білім алуға — 40 466 өтінім бойынша $4,75 млн аударылды.

Бұл бастама әрбір қазақстандық баланың болашағы үшін сенімді қаржылық негіз қалыптастыруды мақсат етеді және әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды құралы болып отыр.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »