Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қарағанды облысында есірткі зертханасы анықталды

6 Маусым 2025, 21:40
448
Бөлісу:
 polisia.kz
Фото: polisia.kz

1 маусымнан бастап Қазақстанда «Қарасора-2025» жедел-алдын алу шарасы басталды. Бұл науқанның мақсаты – ел аумағында есірткі өсіру, өндіру және таратудың жолын кесу. Шара аясында Қарағанды облысында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, аймақтың негізгі жолдарына мобильді блокбекеттер орнатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жол қозғалысына қатаң бақылау енгізіліп, 150-ден астам полиция қызметкері мен арнайы техника жұмылдырылды. Әрбір күдік тудырған көлік пен бағыт жіті тексерілуде.

Операцияның алғашқы күнінде-ақ ірі есірткі зертханасы әшкереленді. Осакаров ауданына қарасты Батпақ ауылында екі жас жігіт (24 және 25 жаста) жеке үй сатып алып, оны синтетикалық есірткі өндіретін заңсыз зертханаға айналдырған. Тінту кезінде 121 канистр химиялық реагент, есірткі жасауға арналған жабдықтар мен қорғаныс құралдары, сондай-ақ жалпы салмағы 2 тоннадан асатын прекурсорлар тәркіленді.

Қарағанды облыстық прокуратурасының қолдауымен жүргізілген операция барысында ұсталған екі азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұл – 2025 жылы тіркелген үшінші ірі есірткі зертханасы. Жедел-алдын алу шаралары елімізде жалғасып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »