Тікұшақ қонатын алаңы бар жеті қабатты заманауи аурухана салынуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі kabar.kg-ке сәлтеме жасап.
22 маусым күні Қырғызстанның Жалал-Абад облыстық ауруханасында жаңа корпустың құрылысына капсула салу рәсімі өтті.
Іс-шараға Министрлер кабинетінің төраға орынбасары Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамчыбек Ташиев қатысып, жеті қабатты заманауи медициналық ғимараттың құрылысын ресми түрде бастап берді.
Бұған дейін аурухана ұжымы Қамчыбек Ташиевке медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту қажеттігі туралы хат жолдаған. Биыл наурыз айында генерал аурухананың жағдайымен жеке танысып, сол сапар қорытындысы бойынша жаңа ғимарат салу жөнінде шешім қабылданды. Жоспар бойынша бұл ғимаратта тікұшақ қонатын алаң да қарастырылады.
Ташиевтің тапсырмасымен аурухана аумағындағы ескі кеңестік құрылыстар сүріліп, алаңды тазарту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта 2,5 гектар аумақта 280 төсек-орынға арналған жаңа корпустың құрылысы басталды. Құрылыс республикалық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Нысанды 2026 жылдың жазында пайдалануға беру жоспарланып отыр.