Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Таза су: Көкшетауда су тазарту жүйесі жаңартылып жатыр

25 Мамыр 2025, 20:02
214
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Көкшетау қаласында тәулігіне 30 мың текше метр суды тазарта алатын су тазарту құрылғыларын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаңа тазарту нысандары пайдалануға берілгеннен кейін қала ауызсумен толық қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатта Шағалалы су қоймасы қолданылады. Құрылыс жұмыстарына 55 маман жұмылдырылып, 10 техника бірлігі жұмыс істеуде.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыс орталығында жасаған жұмыс сапары аясында тіршілік көзін қамтамасыз ететін маңызды нысанға барды.

«Caspian Contraction Trust» ЖШС жобасының жетекшісі Қуаныш Өтегеновтың айтуынша, бүгінде нысанда техникалық жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр: жабдықтар орнатылып, ішкі және сыртқы коллекторлардың тарату құбырлары монтаждалып, кабель желілері тартылып жатыр.

Сонымен қатар, құм сүзгілерін төсеу жұмыстары қатар жүріп жатыр. Қазіргі таңда төрт қабат төселді. Дүйсенбіден бастап бесінші қабат — антрацит төселеді. Бұдан соң, 10–15 маусым аралығында құбырлар мен резервуарларды шаю жұмыстары жүргізіліп, кейін іске қосу-реттеу кезеңі басталады.

Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, су сапасы айтарлықтай жақсарады. Әсіресе, судың мөлдірлігі артады. Бұл жобаға енгізілген түзетулердің арқасында мүмкін болып отыр. Бастапқыда сүзгілеу үш қабатты болады деп жоспарланған: екі қабат кварц құмы және бір қабат антрацит. Қазір сүзгілеу бес қабаттан тұрады — төрт қабат кварц құмы және бір қабат антрацит.

Бұдан бөлек, жоба аясында «Көкшетау Су Арнасы» ШЖҚ МКК-мен бірлесіп бірқатар жетілдірулер енгізілді. Диаметрі 400 мм болатын құбырлардың орнына 630 мм құбырлар пайдаланылды. Бұл өз кезегінде өткізу қабілетін едәуір арттырды. Сондай-ақ, болат коллектордың орнына ПНД құбырлар қолданылды. Сым қимасы 120–150 мм² болатын кабельдердің орнына қуаты жоғарырақ, 185 мм² кабельдер тартылды. Бұл электр жүйесінің сенімділігін арттырып, қызып кету қаупін азайтады.

Осылайша, жоба қазіргі техникалық талаптарға сай етіп едәуір жетілдірілді және белгіленген мерзімге сәйкес жүзеге асырылып жатыр.

Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі жұмысты жеделдетіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »