Премьер-министр Алматы тау кластерін дамыту бойынша ұсынылған тәсілдерді де оң атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет құрылыс кезінде, сапа мен бақылауды қамтамасыз ету, оның ішінде экологиялық мәселелер бойынша жауапкершілікті өзіне алады. Инфрақұрылымның инклюзивтілігіне ерекше назар аударылды.
Бүгінгі таңда туризм және саяхат секторының әлемдік ЖІӨ-ге қосқан үлесі 10%-дан асады, ақшалай түрде бұл $11 трлн-нан жоғары. Сондай-ақ 300 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, яғни, әрбір төртінші жаңа жұмыс орны – осы секторға тиесілі.
Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізді жаңғырту, оның ішінде экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жоғары деңгейде өңделген өнім өндіру бойынша көптеген өнеркәсіптік ірі жобалар, сондай-ақ ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Осыған орай, менің ойымша, туризм саласының қарқынды дамуы байқалады. Қазақстан лайықты туристік бағыттардың біріне айналуға мүдделі. Оның үстіне бізде үлкен артықшылық бар – бұл біздің тауларымыз. Әлемдік сарапшылар Алматының таулары әлемдегі ең үздік таулардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан таяу жылдары әлемдік деңгейдегі биік таулы демалыс орнын салу шараларын қолға алуды көздеп отырмыз. Қазір жоспарлар таныстырылды. Кешенді жоспарда Алматы тау кластерін шығыстан батысқа қарай Талғардан бастап Қаскелеңге дейін дамыту көзделген. Жалпы, бұл таулардың әлеуеті бізге 700 шақырымға дейін шаңғы трассаларын салуға мүмкіндік береді. Мемлекет инфрақұрылымды: көлік инфрақұрылымын, жолдар, коммуникациялар, тау шаңғысы инфрақұрылымын салу бойынша шығындарды өз мойнына алады. Сонда дайын инфрақұрылымға бизнес пен инвестиция міндетті түрде келеді. Мамандардың айтуынша, тау инфрақұрылымына салынған 1 доллар курорттық инфрақұрылымға 2 доллар жеке инвестиция тартады. Бұл – экономикамызды әртараптандыруға зор мүмкіндік. Аталған жоба Алматы қаласы мен Алматы облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикалық ландшафтын түбегейлі өзгертеді. Қазірдің өзінде құрылысты жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар істі инфрақұрылымы барынша дамыған Орталық аймақтан бастаған жөн дейді. Орталық аймақ, өз кезегінде, қазір жұмыс істеп тұрған Oi-Qaragai демалыс аймағынан бастап, Пионер, Бутаковка, Қимасар шатқалы, Шымбұлақпен байланыстыруға мүмкіндік береді. Шымбұлақ дамудың екінші кезеңін бастайды. Біз бұл жұмысты мұздықтарға жақынырақ көтеріліп, батысқа қарай – Құмбел шыңы мен Көк Жайлау шатқалына дейін жеткіземіз. Бұл – өте ауқымды жоба болмақ, — деді Олжас Бектенов.
Бүгінгі таңда туризм Алматының жалпы өңірлік өнімінің 3,9%-ын құрайды, 83 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 2024 жылы қала 2,3 млн-нан астам туристі қабылдады, оның 680 мыңнан астамы – шетелдіктер.
Туризм секторы экономикасында да тұрақты өсім байқалады: туристік қызмет көрсету көлемі 30%-ға, салық түсімдері екі есеге артты. Ауқымды жобаларды жүзеге асыру және заманауи инфрақұрылымды құру қала мен еліміздің өңірдегі жетекші туристік орталық ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.
Алматы тау кластері жыл бойы жұмыс істейтін туризмнің алғашқы ірі жобасы болмақ. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында тау шаңғысы курорттарын одан әрі дамыту жоспарлануда.