Алматы – Бішкек тасжолында төрт адам қаза тапты. Жол апатына КамАЗ жүк көлігінен ажырап кеткен тіркемесі себеп болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өлімге әкеп соқтырған жол апаты 28 мамыр күні сағат 18:00 шамасында болды. Алматылық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, КамАЗ жүк көлігінен ажырап кеткен тіркеме салдарынан төрт адам өмірімен қоштасты.
Алдын ала полиция мәліметінше, жүк көлігін Түркістан облысының тұрғыны жүргізіп келе жатқан. Белгісіз себеппен қозғалыс кезінде оның тіркемесі ажырап кетіп, қарсы жолаққа шығып кеткен. Сол жерде Geely автокөлігімен соқтығысып, ал Geely инерциямен KIA Sportage көлігіне соғылған.
Жол апатынан кейінгі бейнеүзінді "Твой Алматы" телеграм арнасында жарияланды.
Қайғылы оқиға салдарынан оқиға орнында төрт адам, оның ішінде Geely жүргізушісі қаза тапты, – деп хабарлады Алматы облысы ПД.
Қазіргі таңда қайғылы оқиғаға байланысты жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталуда.