Табиғи жарықтың әсері таңертеңгі ұйқышылдықты азайтады. Жапонның Осака қалалық университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу көрсеткендей, оянардың алдында қысқа уақытқа табиғи жарықпен әсер ету таңертеңгі шаршауды төмендетуге көмектеседі. Зерттеу нәтижелері Building and Environment журналында жарияланған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Lenta.ru-ға сілтеме жасап.
Экспериментке 20-30 жас аралығындағы 19 студент қатысты. Олардың бәрі түнде кәдімгі жатын бөлме секілді жабдықталған зертхана жағдайында ұйықтады. Терезелердің барлығы қараңғыланған, тек біреуінен таңғы уақытта табиғи жарық түсуге мүмкіндік берілген. Қатысушылар үш түрлі сценарий бойынша тексерілді:
1. жарық оянардан 20 минут бұрын түсе бастайды,
2. жарық күн шыққан сәттен бастап түседі,
3. бөлме оянғанға дейін толық қараңғы күйде болады.
Ең тиімді нәтиже жарық оянардан 20 минут бұрын түскен кезде байқалды. Бұл әдіс таң атқаннан бастап ұзақ уақыт жарық түскен жағдаймен салыстырғанда да жақсы нәтиже көрсетті. Ғалымдардың айтуынша, таңертеңгі ерте уақытта шамадан тыс жарықтың түсуі ұйқының сапасын, әсіресе соңғы фазасын, бұзуы мүмкін.
ЭКГ мен электроэнцефалография көрсеткіштері сияқты объективті деректер және қатысушылардың субъективті бағалауы оянар алдындағы табиғи жарықтың адамның оңай оянуына шын мәнінде көмектесетінін дәлелдеді.
Зерттеушілер болашақта жарықты жылдың мезгіліне, география мен адамның жеке ерекшеліктеріне қарай қолдану әдістерін әзірлеуге үміттенеді. Бұл – созылмалы ұйқы жетіспеушілігінің салдарын азайтудың қарапайым әрі қауіпсіз тәсілі болуы мүмкін.
Бұған дейін сомнолог ұйқы кезінде сөйлеу психикалық ауытқулардың белгісі болуы мүмкін екенін айтқан болатын.