Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Талдықорған театрының директоры: "Биапа театры – тарихы терең өнер ордасы"

16 Сәуір 2025, 16:50
810
Бөлісу:
 кейіпкерден
Фото: кейіпкерден

Биыл Биапа театрының 50 жылдығы. Осы ретте аймақтағы театрдың ахуалы мен жоспарын білу үшін өнер ордасының басшысы Ерлік Жуасбекпен дидарласқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Ерлік Тілеуқұлұлы, Биапа театры облыстық қана емес, республикалық өнер ұжымдарымен терезесі тең өнер шаңырағының бірі ретінде белгілі. Соңғы жылдағы жетістіктеріңіз көңіл сүйіндіреді. Осы ретте театр тынысы жайлы айтып өтсеңіз. Соңғы жылдар театр үшін қандай маңызды оқиғалармен ерекшеленді?

Биапа театры – тарихы терең, тағылымы мол өнер ордасы. Мұнда қазіргі қазақ өнерінің майталмандары қанат қағып қана қоймай, қаншама мол мұра қалдырып кетті. Өткен күннен сыр тартсаңыз, таңды таңға созуға болады. Оны алдияр оқырманның өзі бағамдай жатар. Мен осы ретте соңғы 2-3 жылдың күнтізбесіне көңіл жүгіртсем. 2023 жылдан бері ұжымда көптеген тың жаңалық болды. Атап айтсақ, Қазақстанның Халық әртісі Бикен Римованың 100 жылдығы халықаралық деңгейде өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен 2022 жылдың 4 қарашасында "Бикен Римова" кітап-альбомы жарыққа шықты. Сол уақыттан бері театрымыз әйгілі актрисаның мерейтойы аясында біршама жетістіктерге жетіп, Бикен Римованың есімін ТҮРКСОЙ деңгейінде ұлықтап келді. Алматы және Астана қалаларында гастрольдік іссапармен Бикен Римованың қаламынан туған "Қос мұңлық", Қ.Мұраттың "Мұғалім", А.Аламанның "Жалқаудың жыры" спектакльдерін өңір жұртшылығына тарту етті. Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Алматы, Астана, Көкшетау қалаларында және көршілес Қырғыз елінде "Өнермен өрілген ғұмыр" атты жылжымалы көрмесін ұйымдастырдық. Актрисаның 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген театрдың 47 және 48 маусымдарында В.Воробьевтың "Қырсық" эксперименталды қуыршақ қойылымы, Н.Гогольдың "Ревизор" трагифарсы, Қ. Мұраттың "Мұғалім" әлеуметтік-мультимедиалық драмасы сахналанды. Ең ғажабы, "BIKEN" Халықаралық театр фестивалі дәстүрлі түрде өтетін болды. Бүгінде театрымыз көптеген театр фестивальдеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.

Талдықорған театрының директоры: "Биапа театры – тарихы терең өнер ордасы"

Айта кету керек, осы жылы театр ұжымы шығармашылық құрамы жағынан да жаңарды. Қатармызға Дулыға Ақмолда, Асылбек Боранбаев, Жомарт Зейнәбіл, Гүлбахрам Байбосынова, Әсет Есжан сынды елімізге белгілі танымал әртістер қосылып, ұжымның кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтерді. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш және көрермендер үшін де жағымды жаңалық деп білемін.

Ал, 2024 жыл театрымыз үшін премьералар жылы деп айтуға болады. Осы жылы 7 жаңа қойылым сахналанды. Олар: Әлібек Байболдың "Таптым-ау сені" лирикалық драмасы (реж. Рамазан Үсен), Жәнібек Әлікеннің "Қазақтың тойы бітпесін" драмасы (реж. Данияр Базарқұлов), Александр Володиннің "Кездесу мен қоштасу" психологиялық драмасы (реж. Алмат Шарипов), Мұсатай Ақынжановтың "Алтын сақа" фантастикалық ертегісі (реж. Мерей Әжібеков), Қанат Тілеуханның "Медаль" саундрамасы (реж. Фархат Молдағали), Сәбит Әбдіхалықовтың "Көке" комедиясы (реж. Рамазан Үсен) және Ұлан Ахметовтің жаңа жылдық "Смурфиктердің бастан кешкен оқиғасы" шоу ертегісі (реж. Ұлан Ахметов). Әр спектакль сәтті сахналанып, бүгінде өзінің сүйікті көрермендерін тапты деп айта аламыз.

- Шынында, жеткен жетістіктер өнер ұжымдарын қанаттандырады. Кейінгі кезде шетелдік, республикалық өнер бәйгелерінен қалыс қалған емессіздер. Біздің бір байқағанымыз, қанжығаларыңыз бос қайтып жүрген жоқ секілді...

Оныңыз рас, көрермен бәріне куә. Театрымыз жыл сайын көптеген отандық және шетелдік фестивальге қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Атап айтсақ, Көкшетау қаласында өткен "СӘЛЕМ" Халықаралық театр фестиваліне "Қазақы комедия" қойылымымен қатысты. Өнер бәйгесінде театрымыздың актеры Еркебұлан Айдымбаев "Ең үздік ер адам бейнесі" номинациясымен марапатталды. Қарағанды қаласында өткен Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған "Сын шын болсын" республикалық театр фестивалінде "Аты жоқ жұлдыз" спектаклімен II-ші орынға ие болдық. Режиссер Дина Жұмабай сахналаған қойылым фестиваль көрермендерінің көңілінен шығып, елдің ыстық ықыласына бөленді.

Талдықорған театрының директоры: "Биапа театры – тарихы терең өнер ордасы"

Сондай-ақ, Қазақстанның "BIKEN" I Халықаралық театр фестиваліне Бикен Римованың қаламынан туған "Қос мұңлық" спектаклімен қатыстық. Театрымыздың артисі Сағындық Жұмаділ "Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі" номинациясын иеленді.

Қазақстанның басқа да өнер бәйгелерінде өз бағасын алып жүрген театрымыз 2023 жылдың қазан айында Алматы қаласында өткен I Халықаралық "ALMATY PUPPET FESTIVAL" қуыршақ театрлары фестиваліне В.Воробьевтың "Қырсық" эксперименталды қуыршақ қойылымымен қатысты. Бұл жарты ғасырға жуық тарихы бар театрымыз үшін үлкен жаңалық болды. Себебі алғаш рет қуыршақ қойылымы сахналанып, халықаралық деңгейде өткен фестивальде бақ сынады. Түркістан қаласында өткен Райымбек Сейтметовтың 85 жылдығына арналған "RAIYMBEK" республикалық театр фестиваліне Қ.Мұраттың "Мұғалім" әлеуметтік мультимедиалық драмасымен қатысып, "Үздік ансамбль" номинациясын жеңіп алдық.

Халықаралық деңгейде өткізілген Түрікменстан Республикасының Ашхабад қаласында өткен IV Халықаралық "Театральное искусство эпохи счастья" фестивалінде "Қорғансыздың күні" қойылымымен қатыстық. Бұл фестивальге қатысу театр ұжымының кәсіби шеберлігін шыңдауға, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік берді. Бүгінде "BIKEN III" халықаралық фестиваліне дайындалып жатырмыз. Оған қоса мерейтойды да жақсылап өткізсек деген ниеттеміз.

- "BIKEN" фестивалі дегеннен шығады, былтыр тіпті Талдықорғанға Грузия мемлекетінен театрлар келді. Тілі мен ділі бір Түркі мемлекеттерін айтпағанда, тау халқының өнерпаздарының келгені фестивалдің маңыздылығын аша түскендей... Бұл сіздер көздеген мақсатқа жеткендеріңізді білдіретіндей, қалай ойлайсыз?

Иә, бұл бастама өңір театрларының беделін көтеріп қана қоймай, үлкен қаладағы өнер ордаларының да қызығушылығын тудыруда. Өнер – ұлт таңдамайды, біз шетелдік әріптестерімізбен өзара тәжірибе алмасып, қарым-қатынасымызды нығайта түстік. "BIKEN" халықаралық театр фестивалі 2023 жылы Бикен Римованың 100 жылдығына орай өткізіліп, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың шешімімен дәстүрлі өнер додасына айналды. Фестивальдің басты мақсаты – театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, халықаралық театр үдерісіне интеграциялау және Жетісу өңірінің мәдениетін әлемге таныту болып отыр. Ең бастысы қойылған талапқа сай қарекет етіп келеміз. Осыған дейін Грузиядан, Түрікменстаннан, Түркиядан, Әзірбайжаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан барлығы 18 театр ұжым Жетісу жеріне келіп, тұмса табиғатымызбен тыныстап кетті. Әр қойылымды бағалау үшін Тұңғышбай Жаманқұлов, Еркін Жуасбек, Исрафил Исрафилов, Бақыт Нұрпейіс, Анар Еркебай, Айсылу Сагитова, Айзат Қадыралиева, Тамара Охикян, Нияз Игламов, Мирас Әбіл сынды кәсіби мамандар қазылар алқасы ретінде шақырылады. Жыл сайын елімізден айтулы шараға қатысуға ұсыныс білдірген театрлар көп. Олардың бәрі арнайы іріктеуден өтіп, фестивальге жолдама алады.

- Биыл фестивальмен қатар, жарты ғасырлық мерейтойларыңыз. Бұл – үлкен меже, тарихтың бір парағы. Осы торқалы тойға қандай жоспарларыңыз бар?

Біз де биыл той көп, осы театрдың іргесін қалаған Алмахан, Әлихан апаларымыздың 75 жылдық мерейтойы да кезекте тұр. Одан бөлек осы сахнаға әбден тері сіңген, құрылғанынан бері қатардан қалмаған белді әртістердің де меншікті мерекелері келе жатыр. Осының бәрін бірге атап өту жоспарда тұр. Театрдың мерейтойы халықаралық деңгейде тойланады. Қазір осы театр ашылған уақытта қойылған ретро қойылымдарды заман талабына сай өңдеп, көрерменге ұсынып жатырмыз. Көптің көңілінен шығуда. Одан да бөлек жаңа спектакльдер сахналау, шығармашылық бірлестіктермен жұмыс істеу сияқты шараларымыз бар. Бұйырса, көре жатарсыздар…

- Осы тұста көремендерді мазалаған бір сауалды қоя кетсем. Өңір театрларының хәл-ахуалы қалай? Әкімдік тарапынан қандай көмектер көрсетіп жатыр?

2023 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға іссапар аясында театрымызға келіп, Қазақ ССР Халық әртісі Бикен Римованың бюстіне гүл шоғын қойып, зиялы қауым өкілдерімен кездескенде, театр өнерін ерекше атап өткен болатын. Президентіміздің «шын мәнінде, біз өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек. Бұл еліміздің болашағы үшін, жас ұрпаққа дұрыс жол көрсету үшін қажет» деп атап өткеніндей, театрымызға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев үнемі қолдау көрсетіп келеді. Атап айтсам, "Үздік облыстық мәдени мекеме" номинациясымен жеңімпаз атанып, жаңа автокөлікке ие болдық. Театрымызға жаңа автобустың кілтін табыстады. Өнер ордамыз үшін тағы бір елеулі оқиға Президентіміздің жарлығымен Республика күніне орай Алихан Идрышова Қазақстанның Халық әртісі атағымен және Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Еңбек сіңірген әртісі Макен Нұрмұхамбетова "Парасат" ордендерімен марапатталды. Сондай-ақ, театрымыздың белді әртісі Аян Қожбанова "Құрмет" орденінің кавалері атанды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен театрымыздың 10 шақты артисі "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісін алды. ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Ұлан Ахметов, Дастан Пышанов, Роза Қапашеваға ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығына арналған мерекелік медалін табыстады. Бұл өнер ордасы үшін үлкен қолдау деп білеміз. Дарынды жас әртістерді қабылдап жатырмыз. Олардың кейбірі өз көрерменін тауып та үлгерді.

- Театрды басқаруда қандай қағидаларды назарға аласыз?

Театрды басқаруда шығармашылық еркіндік пен кәсібилікті үйлестіріп, ұжыммен тиімді ынтымақтастық орнатуға мән беремін. Көрермендермен тығыз байланыс орнатып, олардың қызығушылықтарын ескере отырып, театрдың жұмысын дамыту маңызды. Сонымен қатар, жаңа идеялар мен инновациялық шешімдер енгізу, қызметкерлердің кәсіби дамуына қолдау көрсету театрдың сапалы дамуына бағытталған маңызды қадамдар.

- Сұхбатыңызға рақмет, театр ұжымына сәттілік тілейміз!

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »