Талдықорғанда Шерзат Болаттың өлімі бойынша сот процесі жалғасты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отырыс барысында марқұм Шерзаттың анасы, жәбірленуші Гүлбара Бишімбиеваның оқиға орнына барғандағы тергеу экспериментінің видеосы көрсетілді.
Бейнежазбада ол бір топ жігіттің Шерзатқа жабылып кеткенін айтқан. Айтуынша, сол сәтте Шерзаттың әжесі де немересін қорғауға тырысқанымен, істегі айыпталушылардың бірі – Шынасыл Абзал оны итеріп жіберген. Одан кейін Бишімбиева Абзал басқа сотталушы – Нұрболмен бірге өзін баласына жібермей, ұстап тұрған.
Мен қыздарға: "Полиция, "скорый" шақырыңдар" деп айғайладым. Абзал келіп Шерзаттың арқасынан пышақ салды, - деді Гүлбара Бишімбиева.
Ал Нұрқанат бауырын қорғамақ болғанда ол соққының астында қалған.
Шерзаттың аузынан қан ағып жатты. Мен жүгіріп келіп, не болды деп сұрағанымда ол сұлқ жатып қалды. Қарасам, сол жағында пышақ жарақаты болды. Шерзатқа пышақ жарақатын кім салғанын көрдім, ол – Абзал, - деп есіне алды марқұм Шерзаттың анасы.