Марқұм Шерзат Болат ісі бойынша өтіп жатқан сотта Алматы қаласы бойынша Сот-медициналық сараптама орталығының Талғар бөлімшесінің сарапшысы Мұхит Оралбайұлы Шерзатты қандай жағдайда аман алып қалуға мүмкіндік болғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шерзат Болатқа кеудесіне пышақ жарақаты келтірілмегенде, басқа жарақаттардан қайтыс болуы мүмкін бе еді? – деп сұрады прокурор Дана Сәрсенбай.
Егер пышақ жарақаты болмағанда, қанталау, жара өлімге әкеп соқпайтын еді. Өйткені олар сыртқы жарақаттар, - деп айтты сот сарапшысы Мұхит Оралбайұлы сотта.
Оның сөзінше, шаншылай кесілген жарақаттар алғаннан кейін марқұм Шерзаттың белсенді әрекет жасауға уақыты көп болмаған. Ол шамамен минуттай көп көлемде қан жоғалтқанға дейін.
Жәбірленуші Болат кеуде қуысына пышақ жарақатын алғаннан кейін тірі қалуы мүмкін бе еді? Сол уақытта оның өмірін сақтап қалуға қандай да бір мүмкіндік болды ма? – деп сұрады мемлекеттік айыптаушы сотта Мұхит Оралбайұлынан.
Негізі көбіне мұндай жарақат дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, өлімге алып келеді. Ал бұл жағдайда ота жасап, қан кеткен орынды анықтап, жедел жәрдем дер кезінде көрсеткенде аман алып қалуға болатын еді.