Бүгін Сенаттың жалпы отырысында "Аквашаруашылық туралы" заң жобасы қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжаттың бірқатар баптарына өзгерістер енгізіліп, жаңа редакцияда Мәжіліске кері қайтарылды.
Аталған заң жобасы елімізде аквашаруашылықты тұрақты дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және қолданыстағы нысандарды кеңейту, сондай-ақ адам денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіпсіз, бәсекеге қабілетті өндірістерді қалыптастыру мақсатында әзірленген.
Құжатта аквашаруашылық саласына қатысты жаңа ұғымдар енгізіліп, мемлекеттік органдардың құзыреттері мен өкілеттіктері нақты көрсетілген.
Сенатор Сұлтан Дүйсембиновтың айтуынша, заң жобасында аквашаруашылық субъектілері қызметінің негізгі шарттары айқындалған.
Заңда аквашаруашылық саласында қызметті жүзеге асырудың негізгі шарттары регламенттеледі. Мәселен, аквашаруашылық субъектілері қызметінің түрлері, балық шаруашылығы су айдынын немесе учаскесін конкурстық және конкурстан тыс негізде бекіту тәртібі, тоғанды, индустриялық және өсімін молайту шаруашылығы қызметін жүзеге асыруға қойылатын талаптар нақтыланды. Сонымен қатар, аквашаруашылық субъектілері үшін аквашаруашылық саласындағы биологиялық негіздемені әзірлеу және оларды дамыту жоспарын бекіту бойынша міндеттемелер енгізілді. Аквашаруашылықты мемлекеттік ынталандыру жөніндегі нормалар көзделген. Мәселен, аквашаруашылықты субсидиялау аквашаруашылық өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру және асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту, инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу, су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау, кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты бағыттар бойынша жүзеге асырылады, - деді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.
Талқылау барысында Сенат комитеттері заң жобасына бірқатар ескертулер мен ұсыныстар айтты. Атап айтқанда:
- бекітілген балық шаруашылығы су айдындары мен учаскелеріне тек Қазақстан заңнамасы негізінде ғана шектеулер енгізу;
- жосықсыз аквашаруашылық субъектілерінің тізіміне енгізу негіздерін нақтылау;
- табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем нормаларын Салық кодексіне сәйкестендіру қажеттілігі айтылды.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті Конституцияның 61-бабы 4-тармағына сәйкес, заң жобасының жекелеген баптарын мақұлдамау туралы ұсынып, оларды жаңа редакцияда Мәжіліске қайта ұсынды.