Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қылмыс азайып, әділет күшейді – Бас прокурор реформалардың нәтижесін баяндады

Кеше, 19:45
498
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив/ Артём Чурсинов
Фото: BAQ.KZ - архив/ Артём Чурсинов

Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысына елдегі құқықтық тәртіп, реформалар және прокурорлық бақылау нәтижелері жөнінде есеп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бас прокурордың айтуынша, Қазақстан заң үстемдігі мен әділеттілікке негізделген даму жолымен сенімді ілгерілеп келеді. Конституциялық өзгерістер прокуратураның құқық қорғау әлеуетін арттырса, күштік құрылымдар жазалаушы тәсілден профилактикалық жұмыс форматына көшті.

Қылмыс екі есе азайған

Соңғы жылдары елде қылмыс деңгейі 2 есеге төмендеген. Атап айтқанда:
• Адам өлтіру мен зорлау – 50%-ға;
• Бұзақылық – 70%-ға;
• Қарақшылық пен тонау – 80%-ға қысқарды.
Қазақстан қылмыстық индекс бойынша әлемдік рейтингте 60 сатыға көтерілген.

"Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасы қабылданды

Жаңа ұлттық тұжырымдама тек құқық қорғау органдарына емес, бүкіл қоғамға арналған. Мектептерде арнайы пән енгізіліп, оқушылар мен студенттердің құқықтық сауаты арттырылуда.

Әлеуметтік әділет: халыққа қайтарылған миллиардтар

Прокуратура:
• 2 млн азаматтың әлеуметтік құқығын қорғады;
• 4 млрд теңге жалақы берешегін қайтарды;
• 12 млрд теңге алиментті өндіріп берді;
• 630 млрд теңгені мемлекет кірісіне қайтарды;
• 850-ге жуық балалар үйінің түлегі мен әлеуметтік осал азаматты баспанамен қамтамасыз етті.

770 млрд теңге ұрланған актив қайтарылды

Бұл қаражатқа 300-ден астам әлеуметтік нысан: мектептер, ауруханалар, спорт кешендері және таза ауызсу жүйелері салынып жатыр. Прокуратура олардың тиімді жұмсалуын бақылауда.

Инвесторларға – қолдау, бизнеске – қорған

1300-ден астам инвесторға заң көмегі көрсетіліп, 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылды немесе сақталды. Бизнестің құқығын қорғау саласында елеулі өзгерістер байқалады.

Құқық қорғау жүйесі цифрлануда

Қылмыстық істердің 95%-ы электрондық форматқа көшкен. Тергеу мерзімдері қысқарып, изоляторлар мен түзету мекемелеріне толық бейнебақылау орнатылған. Бұл азаптаулар санын 4 есеге азайтты.

Жасанды интеллект пен ІТ технологиялар нәтижелі жұмыс істеуде

Цифрлық қадағалау жүйесі арқылы биыл 2500 іздеудегі қылмыскер ұсталған. Киберқылмыспен күрес, есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл күшейтіліп, 10 млрд теңге көлеңкелі қаржы бұғатталған.

Қазақстанға Еуропалық Одақ сенім білдірді

Еліміз Еуропалық құқықтық көмек туралы Конвенцияға қосылу жөнінде ресми шақыру алды. Бұл – Қазақстан құқықтық жүйесінің халықаралық мойындалуы.

Бас прокурордың айтуынша, барлық атқарылып жатқан реформалар мен шаралардың түпкі мақсаты – Әділетті Қазақстан құру. Онда заң бәріне ортақ, ал тәртіп – дамудың негізгі тетігі болуы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »