Қонаев қаласында пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін анықтау және оларды мемлекет меншігіне қайтару бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы қалалық жер қатынастары бөлімі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылы 15,7 мың гектар, ал 2025 жылы 14,3 мың гектар жердің мақсатқа сай пайдаланылмай жатқаны анықталған. Мұндай учаскелер – ауыл шаруашылығы айналымына тартылмаған, инфрақұрылым немесе өндірістік жобаға айналдырылмаған бос жатқан аумақтар.
Мемлекетке қайтарылған жерлер:
2024 жылы 4230 гектар жайылымдық жер мемлекеттік босалқы жер қорына қайтарылған. Оның ішінде:
• 668,9 га – жер иелерінің ерікті түрде қайтаруымен;
• 339,2 га – Қонаев қалалық сотының шешімімен.
Ал биыл, 2025 жылдың басынан бері:
• 1490 гектар жер сот шешімімен мемлекетке қайтарылды;
• оның 150 гектары – иелері тарапынан өз еркімен берілген.
Сонымен қатар 1121 гектар жерге қатысты материалдар Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданып, салық мөлшерлемесін 20 есеге дейін арттыру шаралары қарастырылған.
Неге бұл жұмыстар жүргізілуде?
Жер – мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік ресурсы. Оны мақсатсыз иемдену немесе пайдаланбау – заңбұзушылық қана емес, қоғам игілігінен тыс қалдыруды білдіреді.
Мемлекет пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару арқылы:
• ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға,
• жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға,
• инфрақұрылым жүргізуге,
• жайылым тапшылығы мәселесін шешуге жол ашады.
Қонаев қаласы әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, жер пайдаланушыларға жерді тиімді игеру жөнінде талаптарды еске салады. Талап орындалмаған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылданады.