2024 жылы Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит нәтижесінде жүздеген заңды тұлға мен ондаған лауазымды қызметкер жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жоғары аудиторлық палата 2024 жылы 27 аудит жүргізіп, тексеру қорытындысы бойынша 175 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы палата төрағасы Әлихан Смайылов Мәжіліс кулуарында айтты.
Өткен жыл қорытындысы бойынша 175 заңды тұлға әкімшілік жазаға тартылды. Айыппұлдар салынды. Сонымен қатар, 55 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында вице-министрлер, комитет төрағалары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар басшылары және түрлі бөлімше жетекшілері бар, – деді Смайылов.
Оның айтуынша, кейбір шенеуніктерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, бас бостандығынан айырылғандар да бар.
Мәселен, Ұлттық аккредитация орталығының басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот үкімімен бас бостандығынан айырылды. Ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жетекшісіне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығына қатысты да қылмыстық іс қозғалды, – деді палата төрағасы.