Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев Мәжіліс кулуарында еліміздегі киіктер саны қалай реттелетінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, 2024 жылғы санақ бойынша 2 млн 833 мың бас болған. Бұл киіктердің төлге дейінгі көрсеткіші.
Ал төлмен бірге есептегенде, соңғы 6-7 жылда 40%-дан төмен емес. Сондықтан қазіргі күні 4 млн-ға жуық киік бар. Бүгінде санақ жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақында нәтижесі шығады. Төлге дейінгі саны 4 млн шамасында. Қазіргі күні төлдеу аяқталуға жақын. Ол аяқталған соң шамамен 5 млн-ға жуықтайды деген болжам бар, - деді Данияр Тұрғамбаев.
Зоология институтының зерттеуінше, еліміз бойынша ең төменгі шекті киік саны 800 000-900 000.
Кезінде 80-жылдары киіктің ең көп саны 1,2 млн-нан асқан. Бүгінде оның саны сол уақыттан 3 есе көбейіп отыр.
Еске сала кетейік, Мәжілісте киіктердің популяциясы мәселелері талқыланып жатыр. Ақмола облысы шаруаларының атынан сөз сөйлеген Ғалымхан Саханов киіктердің егінге тигізіп жатқан кесірі жайлы айтты. Ал Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, "Мұқадес" шаруа қожалығының басшысы Ақылбек Сағитов киік жыл сайын күрделі мәселеге айналып бара жатқанын айтты.
Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев Мәжілісте киіктердің популяциясы мәселелеріне қатысты жиында елде қанша киік барын мәлімдеді. Депутат Аманжол Әлтай да жылқыға шөп таба алмай отырғанда, киікке қайдан табамыз деп мәселе көтерді.