Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстанда мемлекеттік қызметте қандай жаңа мәдениет қалыптасып жатыр?

30 Маусым 2025, 10:44
592
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер арасында жаңа мәдениет қалай қалыптасып, құндылықтық бағдарлар нығайып жатыр ма? Бұл жайлы Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевпен сұқбаттасты.

– Дархан Медеғалиұлы, Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтің дамуына ерекше көңіл бөлуде және Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне бірнеше маңызды тапсырмалар жүктеді. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Біздің негізгі міндетіміз – мемлекеттік қызметті ашық, заманауи әрі кәсіби ету. 2022 жылғы 11 қаңтарда Президент меритократия қағидасын нақты кадрларды іріктеу және қызметте ілгерілеу принципі ретінде ерекше атап өтті. Мемлекеттік қызмет кез келген қазақстандыққа ашық болуы тиіс. Ал агенттік толыққанды стратегиялық HR-институтқа айналуы керек.

Соңғы екі жылда біз осы бағытта айтарлықтай ілгеріледік. Агенттікке жаңа өкілеттіктер берілді, HR-процестерді басқару тәсілдері қайта қаралды.

Мемлекеттік қызметтің мансаптық және позициялық жүйелер элементтерін біріктіретін жаңа гибридтік моделі жасалды. Бұл қызметті икемдірек, қабілеттер мен компетенцияларына бағытталған етті. Сонымен қатар біз сырттан жоғары білікті мамандарды тартудың есігін аштық.

Бұл біліктілік талаптарын жаңарту арқасында мүмкін болды. Бұрын мемлекеттік қызметшілердің ішкі ілгерілеуіне ғана назар аударылса, енді қажетті салалардан мамандарды қабылдау жолы ашылды, бұл жаңа идеялардың келуіне және меритократия қағидаларын сақтауға септігін тигізеді.

Мемлекеттік органдарға орта буын басқару лауазымдарына жеке сектордың мамандарын тарту мүмкіндігі берілді. Осы механизм аясында орталық және жергілікті атқарушы органдарға шамамен 230 адам тағайындалды.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметке қабылдаудың жеңілдетілген тетіктері жасалды. Мысалы, 529 үздік, жоғары орташа баллға (GPA 3.33-тен жоғары) ие отандық ЖОО түлектері конкурссыз ауылдық және аудандық деңгейдегі төменгі лауазымдарға орналасты.

– Қазір мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Заң жобасында қандай жаңа нормалар қарастырылып отыр?

– Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасында көрсетілген тәсілдерді іске асыру үшін тек ұйымдастырушылық өзгерістер ғана емес, сонымен қатар осы саланы реттейтін нормативтік-құқықтық базаны институционалды қайта қарау қажет.

Қазіргі қолданыстағы ҚР “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңы негізінен еңбек қатынастарын реттеумен шектеледі. Ал мемлекеттік қызметтің миссиясы мен оның конституциялық маңызды міндеттерді жүзеге асыратын негізгі институт ретінде құқықтық-қоғамдық сипатын көрсететін құндылықтық ұстанымдар құқықтық реттеуден тыс қалып отыр.

Заң жобасында мемлекеттік қызметке тағайындау және қызмет ету негіздері бекітіледі, оның ішінде патриотизм, клиентке бағдарлану, кәсіпқойлық, ашықтық пен айқындық, мінсіз бедел, құқық бұзушылық пен мүдделер қақтығысына төзбеушілік сияқты аспектілер қамтылады. Бұл жаңалықтар мемлекеттік қызметтің ерекше миссиясына, оның алдында тұрған міндеттердің ерекшелігіне, мемлекеттік аппараттың тиімділігін қамтамасыз

Жас әрі талантты мамандарды тарту үшін заң жобасында мемлекеттік қызметке даярлау институтын енгізу ұсынылады. Осы жұмыстар аясында агенттік басқа мемлекеттік органдармен бірге мектеп бітірушілерге кадрлық қажеттіліктерге сәйкес профильдік бағыттар бойынша грант бөлу механизмін әзірлеп жатыр.

Бұл тәсіл білікті салалық мамандар тапшылығын жоюға, мемлекеттік функцияларды тиімді орындау үшін қажетті негізгі құзыреттерді қалыптастыруға және дамытуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік қызмет жүйесінде олардың кәсіби әрі мансаптық дамуына тұрақты жағдай жасауға мүмкіндік береді.

– Мемлекеттік қызметшілерді оқыту мен біліктілігін арттыру тәсілдері қалай өзгеріп жатыр, қай аспектілер бірінші орында?

– Сандық технологиялар, азаматтық қоғамның рөлінің күшеюі, халықтың ашықтық пен жылдам жауапкершілікке деген талабы мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертуде. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің жаңа білім алуы мен құзыреттілігін арттыру жүйелі міндетке айналды.

Агенттіктің қарауында Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы бар, ол мемлекеттік қызметшілерді даярлау және біліктілігін арттырудың негізгі орталығы саналады. Оның жұмысы практикалық бағыттылық пен өзектілік қағидаттарына негізделіп, тиімді әрі ашық мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған заманауи мемлекеттік аппарат қалыптастырады.

Білім беру модульдері бейімделіп, қазіргі таңда төмендегі негізгі тақырыптарды қамтиды: проактивті мемлекеттік басқару, мемлекеттік қызмет көрсету сервисі, мінез-құлық ғылымдары, жобалық және стратегиялық басқару, ESG принциптері мен тұрақты даму, сандық трансформация және үлкен деректермен жұмыс. Елдің сандық менеджерлерге қажеттілігін ескере отырып, 2025 жылы академия «Сандық мемлекеттік басқару» атты жаңа магистрлік бағдарлама бойынша оқытады.

– Оқыту бағдарламалары мемлекеттік қызметшілердің маңызды құндылықтық бағыттары, жауапкершілігі, мәдениетін қалыптастыруға қалай жауап береді?

–Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілерді оқыту мен біліктілікті арттыру тек операциялық дайындықтан ғана аспайды. Бұл тек басқарушылық тиімділікті арттыру ғана емес, сонымен қатар “Адал азамат” құндылықтарына сай, жауапкершілігі мол және азаматтарға бағытталған жаңа сападағы адам капиталын қалыптастыру туралы.

Құндылықтық бағыттарды қалыптастыру – қоғамға қызмет етуге ішкі мотивацияны дамыту, этика мен қызмет мәдениетін нығайту, әділдік пен ашықтық қағидаларын ұстану дегенді білдіреді. Мемлекеттік қызметші жай ғана орындаушы емес, мемлекеттік миссияның тасымалдаушысы ретінде қарастырылады. Жауапкершілік пен азаматтық жетілуге, әлеуметтік әділеттілікке, тұрақты дамуға және адам құқықтарын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.

Әсіресе, басшылар мен халықпен өзара әрекеттесетіндер үшін кәсіби біліммен қатар эмпатия, коммуникация қабілетін дамыту, қақтығыстарды шешу және реттеу, белгісіздік жағдайында шешім қабылдау маңызды.

Мемлекеттік қызметшілерде стратегиялық ойлау қалыптасуы керек, олар тек ағымдағы міндеттерді ғана емес, сонымен қатар стратегиялық көзқараспен ұзақ мерзімді перспективада азаматтардың мүдделерін ескере отырып шешімдер ұсынуға бағытталуы тиіс.

Осылайша, мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің ортасында қоғамға және құндылықтарға бағдарланған құзыретті кәсіби маман тұр. Бұл уақыт талабы мен азаматтардың өсіп келе жатқан үміттеріне жауап.

– Әңгімеңізге рақмет.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда 451 515 жұмыссыз азамат тіркелді. Жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда салыстырғанда 0,1%-ға төмен.

Ал өңірлік бөліністе жұмыссыздар үлесі бойынша Маңғыстау облысы көш бастап тұр – 5,1%. Одан кейін Атырау облысы келеді – 4,9%. Үшінші орынды 4,8% көрсеткішпен алты өңір бөлісіп отыр: Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы.

Алматы қаласында жұмыссыздық деңгейі – 4,5%, Астанада – 4,4%, ал ең төменгі көрсеткіш Қарағанды облысында тіркелген – 4%.

Қазақстанда жұмыс күшіне жататын халық саны жалпы 9 735 019 адамды құрайды, олардың 7 140 979-ы – жалдамалы жұмысшылар, ал 2 142 525-і – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »