Қазақстанда кейбір азаматтар үшін зейнетақы төлемдерін алу тәртібі өзгереді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Агенттік ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың қағидалары мен үлгілік нысанына өзгерістер енгізу туралы жобаны әзірлеген.
Жаңа тәртіпке сәйкес, зейнет жасына жеткен, бірақ ЕЗЖ есебінен қалыптасқан жинағын алу үшін өтініш білдірмеген азаматтарға "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" (БЖЗҚ) автоматты түрде төлем жүргізетін болады. Бұл жаңашылдық зейнеткерлердің құқықтарын қорғауға және талап етілмеген жинақтардың алдын алуға бағытталған.
Бұл тетік зейнетақы төлемдерінің барлық түріне бірдей көзқарасты қамтамасыз етеді және азаматтардың ЕЗЖ бойынша зейнетақы жинақтарына қол жеткізуін жеңілдетеді, – делінген агенттік хабарламасында.
Жоба "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңын іске асыру аясында әзірленген.