ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Бауыржан Әукен Қазақстан мен Қытайдың өзара туристік байланыстарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, 2024 жылы Қазақстан мен Қытайдың туризм саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді.
Қазақстан туризмінің Қытайдағы жылы тек символдық бастама ғана емес, екі ел арасындағы гуманитарлық және экономикалық байланысты нығайтудың нақты құралына айналды. Бұл кезеңде мәдени дипломатия, оқиғалық маркетинг және өңірлік ынтымақтастықты кеңінен қамтыған ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жыл бойы Бейжің, Шанхай, Сиань, Үрімші және Гонконг қалаларында Қазақстан өңірлерінің туризм күндері, түрлі туризм бағыттары бойынша тақырыптық апталықтар мен ауқымды мәдени шаралар ұйымдастырылды, - деп атап өтті сарапшы.
Сондай-ақ Қазақстан халықаралық туризм алаңдарының лайықты деңгейде таныстырылуы шетелдік серіктестермен жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді деп отыр.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстан туризмінің Қытайдағы жылы 1,8 млрд қаралым жинаса, әлеуметтік желілерде ел туралы жарияланымдарды 160 млн адам көрген. Бұл – елдің халықаралық ақпараттық кеңістіктегі беделін арттыруда айтарлықтай жетістік. Нақты нәтижелер де байқалды: Қытайдан Қазақстанға келетін туристер саны 50%-ға өсті, ал еліміз Қытай азаматтары үшін танымал туристік бағыттар рейтингісінде 40-орыннан 29-орынға көтерілді, - деді Бауыржан Әукен.
Сонымен қатар ол 2023 жылғы 10 қарашадан бастап күшіне енген визасыз режимді атап өтті.
Қазақстан – Орталық Азия елдері ішінде Қытаймен мұндай келісімге қол жеткізген алғашқы мемлекет. 2025 жыл – Қытай туризмінің Қазақстандағы жылы болып жарияланды. Бұл бастама екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жол ашады. Қазақстан азаматтарының Қытай мәдениеті мен туризм бағыттарына қызығушылығы артады деп күтілуде. Сонымен қатар, туристік инфрақұрылымды жетілдіру мен мәдени ықпалдастықты тереңдету мәселелері өзекті бола түседі, - деді сарапшы.