Палестинаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Рияд Мансур БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Газадағы балалардың өлімі туралы айтып, көзіне жас алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол бейбіт тұрғындардың тартып отырған азабын сөзбен айтып жеткізу мүмкін еместігін айтты. Дипломаттарға сөйлеген ол сөзін жалғастыра алмады.
Бұл адам төзгісіз! Қалай шыдайсың? Немерелерім бар... Мұны көру кез келген қарапайым адамның қолынан келмейді, - деді елші.
2023 жылы 7 қазанда Хамас елдің оңтүстігіне шабуыл жасағаннан кейін Израиль Газада әскери операция бастады. Содырлар 1200-ге жуық израильдікті өлтіріп, 251 адамды кепілге алды.
Газа билігінің мәліметінше, Израиль операциясы басталғаннан бері 54 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, жағалаудағы елді мекеннің басым бөлігі қирандыға айналған.
Палестина елшісі халықаралық қауымдастықты бейбіт тұрғындардың қасіретін дереу тоқтатуға шақырып, бұл қақтығыстың басты құрбаны – балалар екенін баса айтты.
Бұған дейін Газада 38 адамның, оның ішінде балалардың да қаза тапқаны жөнінде жазғанбыз.