Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасын тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қылмыстық іс сот тараптарының жарыссөзі кезеңі басталды.
Ата Заңымыз – ҚР Конституциясының 1-бабында көрсетілгендей, ҚР ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Сондықтан әрбір ҚР азаматының өміріне қол сұғуға ешкімнің құқығы жоқ. Бүгінгі қаралып отырған қылмыстық іс – бұл жай ғана сот процесі емес. Бұл бір отбасының үмітін үзіп, қабырғасын қайыстырған қасірет. Бұл – Шерзат есімді кәмелетке толмаған жас баланың үзілген өмірі. Бұл – қоғамның шырқын бұзған қайғылы оқиға, - деп атап өтті мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай.
Айтуынша, Шерзат – мейірімсіздік пен қатігездіктің құрбаны болды.
Шерзат – мүлдем жас еді. Ол – ата-анасының үміті, елдің болашағы еді. Ол тірі болуға, бақытты балалық шаққа, келешекке, өзінің ұрпағын қалдыруға лайық еді. Бірақ өкінішке қарай, қатігездік пен мейірімсіздіктің құрбаны болды. Оның өмірі қасақана қатігез жолмен, аяусыз суық пышақтан үзілді. Ең сорақысы – бұл қылмыс оның ата-анасының көз алдында, аса қатігездікпен, аса жауыздықпен аяусыз жасалған. Онымен қоймай, сотталушылар Шерзаттың жақындарына, яғни ата-анасы Қаржаубай Нұрымов пен Гүлбара Бишімбиеваға, әжесі Жұмабике Қадіроваға да күш көрсетіп, ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың да өміріне қастандық жасаған, - деді мемлекеттік айыптаушы.
Сонымен қатар істің нүктесін қоятын кез келді деп отыр.
Осы ауырлықты сезіне отырып, қылмыскердің жазасыз қалмауы және қылмыс санатының ауырлығына қарай қатаң жазалану принципін ұстанамыз. Мұндай резонанс тудырған істер бойынша әртүрлі пікірлердің айтылуы да орынды. Алайда құқық қорғау органдарына қатысты айтылған орынсыз пікірлерге ақыл, парасат көзімен қарап, әртүрлі арандатушылық әрекеттерге жол бермеу жағын да қатаң ұстау қажет. Адам өмірінің эквиваленті жоқ. Оның орнын еш нәрсемен толтыра алмаймыз. Осы қылмыстық іс бойынша көпшіліктің көңілінен шығатын әділ шешім қабылдау және істі сөзбұйдаға сала бермей, нүктесін қою қажеттігі баршамызды толғандырып отырғаны анық, - деді прокурор.