Павлодар қалалық №1 ауруханасында абдоминалды хирургиядағы ең күрделі операциялардың бірі – панкреатодуоденалды резекция сәтті өткізілді. Ұйқыбездің қатерлі ісіктерін емдеуге бағытталған хирургиялық араласу 4-5 сағатқа созылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ота медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен мастер-класс форматында жүргізілді. Бұл операция науқастың аурудан толық айығуына 20–30% жағдайда мүмкіндік береді, ал басқа жағдайларда өмір сүру сапасы мен ұзақтығын едәуір жақсартады.
Аталған жоғары технологиялық көмекті көрсету аурухана базасындағы Механикалық сарғаю орталығының жұмысы мен А корпусының қайта жаңғыртылып, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуінің арқасында мүмкін болды. Бұған дейін мұндай диагноз қойылған пациенттер астана мен онкологиялық орталықтарға жіберілетін.
Мастер-класс қорытындысында Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы, Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы және №1 қалалық аурухана арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тәжірибе алмасу, жаңа технологияларды енгізу, кадрларды даярлау және бірлескен ғылыми-практикалық жобаларды жүзеге асыру көзделген.