Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған Қазақстан киноиндустриясының даму бағыты мен алдағы жоспарлары туралы брифингте айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан Республикасының 2023–2029 жылдарға арналған мәдени саясат тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай отандық фильмдердің жалпы прокаттағы үлесі 35 %-ға жетуі тиіс, – деді Мәдениет комитетінің кинематография басқармасының басшысы Ғани Мұратов.

2024 жылы отандық фильмдердің жалпы прокаттағы үлесі 22,93% немесе 94 фильм болған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кинематография саласында ауқымды “қайта жүктеу” жұмыстары басталды. “Қазақфильм” киностудиясын нығайту және конкурс өткізу жүйесінің ашықтығын арттыру мақсатында заңнама жетілдіріліп жатыр. Қазақ киносының он жылдық даму стратегиясы әзірленіп жатыр, - деп мәлімдеді ол.

Айта кетейік, 2019 жылы “Кинематография туралы” салалық заңы қабылданып, киножобаларды конкурстық негізде іріктеумен айналысатын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды.

