Атырау қаласында орыс тілінде білім алатын оқушылар үшін мұғалім жетпей жатыр. Қазір әсіресе физика, математика, химия және биология пәндерінің мұғалімдері тапшы екен. Бұл туралы Атырау қаласы білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атырау қаласында қазір 68 мектеп бар. Онда бас-аяғы 77 500 оқушы білім алады. 68 мектептің 25-і екі тілде білім береді. Ал 2-еуі таза орыс мектебі. Қалған мектептегі балалардың бәрі мемлекеттік тілде сабақ оқиды. Қазақ тілінде оқитын балалар үшін кадр тапшылығы мәселесі жоқ. Бірақ орыс сыныптарына 300-ге тарта педагог жетпейді екен.
Бұл мәселені шешу мақсатында жыл сайын түлектер үшін арнайы әкімнің гранттары бөлінеді. Оқу орнын тәмамдаған түлектерді жұмысқа орналастыру үшін үнемі жәрмеңкелер өткізіледі. Сондай-ақ, мамандарды өзге өңірлерден шақыратын, осы аймақта жұмысқа орналастыратын арнайы бағдарлама да бар. Бәрін бақылауда ұстап отырмыз. Осы мақсатта жаңа оқу жылына 240 ұстаздың орнына конкурс жарияланады, - деді Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Тапшы мамандардың орнын бүгінде зейнеткерлік жасқа жетсе де, жұмысын жалғастырып жатқан ұстаздар толтырып отыр. Қалған мұғалімдер сағаттарды бөліп алып, өз еріктерімен қосымша жұмыстарды игеріп, жұмысқа үлгеріп жүр екен.
Санаулы күндерден кейін 2024-2025 оқу жылы қорытындыланады. Оқу-ағарту министрінің мәліметіне сәйкес, биылғы оқу жылының аяқталуы 2025 жылдың 23 мамырына келіп тұр. Басқа күндер демалыс күніне түсуіне байланысты, оқу жылы сол күні аяқталады. Биыл Атырау қаласында 9-сыныпты 6 987 оқушы аяқтайды. Бұл оқушылардың ішінде 271 бала үздік атестатқа үміткер. Ал мектеп бітіретін түлектер саны – 2946. Жауапты бөлімдегілер оның ішінде 90 оқушы үздік аттестатқа, ал 70 бала алтын белгіге үміткер екенін айтады.
Оқу жылы барлық мектептерде "Білімім-Отаным" атты республикалық сынып сағатымен аяқталады. Сынып сағатында адал азамат біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтары негізге алынды. Сонымен қатар оқушылар арасында "Таза Қазақстан", "Заң және Тәртіп", "Адал азамат" тақырыптарында эссе байқаулары да өткізіледі. Жалпы соңғы қоңырау салтанатының педагогикалық кеңеске сәйкес 23-24 мамыр күндері өтетіні бізге алдын ала хабарланды. Осы орайда Атырау қаласы бойынша 23 мамыр күні жаппай барлық мектептерде сынып сағаттары өткізіледі. 24 мамыр күні барлық білім ордаларында бір уақытта соңғы қоңырау салтанатты шарасы өтеді. Бір уақытта өткізудің мақсаты – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта мектеп әкімшілігі дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр, - дейді Айнагүл Дүйсекенова.
Жыл сайынғы талап бойынша, 9-11 сынып оқушылары мемлекеттік емтихандар тапсырады. Соның ішінде 11-сыныптар үшін мемлекеттік емтихандар 30 мамыр мен 16 маусым аралығында өткізіледі. Ал 9-сыныптар үшін 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді. Аттестаттарды тапсыру салтанатты шарасы 18-20 маусым аралығында болады деп белгіленді.
Бүгінде осы қойылған кестемен қаладағы мектептердің бәрі жұмыстарын жүргізетін болады. Педагогикалық этиканы сақтау және заңбұзушылықтарды болдырмау мақсатында ескеретін бір нәрсе, соңғы қоңырау салтанатын өткізу кезінде белгілі мақсатта ата-аналардан қаржы жинауға қатаң тыйым салынады. Аниматорларды, қандай да бір агенттіктерді, жеке студияларды жалға алу арқылы қызмет түрін пайдалануға тыйым салынады. Ата-аналар мен балаларға көшеде шерулер өткізіп, автокөлікпен жүруге рұқсат жоқ. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдар мен 4-сыныпты бітіріп жатқан түлектер үшін де салтанатты шараларды ұйымдастыруға болмайды. Бұл бойынша осы ескертулер жазылған қызметтік хаттар барлық мектептердің әкімшіліктеріне жолданды. Ескертпелер берілді, - дейді Дүйсекенова.
Қаланың бас ұстазы мектеп мұғалімдеріне сыйлық алу үшін ақша жинау әрекеттері де заңсыз екенін ескертті. Бұл талаптардың орындалуын білім бөлімі, білім басқармасы мен өзге де құзырлы органдар бақылауға алады.
Одан өзге білім саласына жауаптылар қазір оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында лагерьлерге жіберу үшін іс-шаралар жоспарын жасақтап жатыр.