Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Орман өрті: Канадада 25 мыңнан астам адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды

3 Маусым 2025, 08:33
261
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Канадада өршіген орман өрттері салдарынан 25 мыңнан астам тұрғын өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Табиғи апат Альберта, Манитоба және Саскачеван провинцияларында белең алып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Sky News агенттігіне сілтеме жасап

Канадалық ведомствоаралық орман өрттері орталығының дерегінше, 30 мамырда ел аумағында 175-тен астам орман өрті тіркелген. Құрғақ ауа райы мен қатты жел өрттің жылдам таралуына себеп болып, оны сөндіруді қиындатып отыр. Жергілікті билік басқа өңірлерден өрт сөндірушілерді көмекке шақырды.

Ең көп зардап шеккен – Манитоба провинциясы. Мұнда 17 мың адамға эвакуация бұйырылды. Саскачеванда 8 мыңға жуық, Альбертада 1 300-ден астам адам қауіпсіз аймақтарға көшірілді. Бұдан бөлек, 29 мамырда CBC News Саскачеванның Пеликан Нарроуз елді мекенінде 4 мыңға жуық тұрғын дала өртіне байланысты эвакуацияланғанын хабарлаған еді.

Канадалық билік тұрғындарға қауіп сейілмейінше үйлеріне оралмауға кеңес беріп отыр. Орман өрттері климаттық өзгерістердің салдары ретінде жиілеп барады, дейді мамандар.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »