Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Оралда тоқ соққан 9 жасар бала қаза тапты

2 Мамыр 2025, 17:44
1286
Бөлісу:
 автордан
PHOTO
Фото: автордан

Қазір аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексiнің 306-бабы, яғни "Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады. 

30 сәуір күні кешкісін Исатай-Махамбет көшесіндегі №82 үйдің жанындағы қосалқы стансаның төбесіне шыққан 2015 жылғы ер баланы тоқ соқты. Зардап шеккен бүлдіршін облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу амалдары жүргізілуде, - дейді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Нұржан Қуанғали. 

Оралда тоқ соққан 9 жасар бала қаза тапты

Тоғыз жасар бала қосалқы станса ғимаратының төбесінде не істеп жүр? 

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, бір топ бала футбол ойнағанда доп шатырға тұрып қалады. Тоғыз жасар Әнуар жоғарыдан салбырап тұрған ағаштың бойымен, терекке тартылып, өрмелеп төбеге шығады. Кей дерек бойынша бүлдіршіннің шатырға шығуына ересек балалар да көмектескен көрінеді. 

Допты төменге тастаған соң, бәрі жүгіріп ойнап кетеді де, Әнуар жалғыз қалады. Ғимараттың басқа жағынан түсем дегенде жоғары кернеулі электр желісін ұстап алады. 

Оралда тоқ соққан 9 жасар бала қаза тапты

Әнуар үйдегі үш баламның кішісі еді. №1 мектептің  3-сыныбында білім алатын. Сол күні сабақтан келді де, тамағын ішіп 19:00-де ойынға шығып кетті. 19:20-да үлкен ұлыма ауладағы қатарлас балалар қоңырау шалды, "Шапшаң шық, інің құлап қалды, жедел жәрдем шақырдық" деп. Бәріміз шауып шықтық. Балам анандай жерде жалаңаш жатыр. Өзім танымадым ғой, Құдай-ау! Қап-қара боп күйіп кеткен, сау-тамтығы қалмаған, киімі жанып кеткен. Бірақ тірі, кеудесінде жаны бар. Өрт сөндірушілер де келді. Ойнап жүргендердің айтуынша, балам түсем деп шатырдың ана жағына барады. Содан аяғы қыстырылып қалады. Бейкүнә сәби ғой, қайдан білсін, 10 мың вольт сымды ұстағанда тірідей жанып кететінін. Сол жерде бір азамат келіп таяқпен түсіріп алады. Жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына апарып, жансақтау бөліміне жатқызды. Әуелі оң қол, артынан оң аяғын кесіп тастады. Тәуліктен астам уақыт күрестік. Бірақ ажалға ешкім араша түсе алмады. Кеше кешкісін 22:30-дарда көз жұмды балам. Қайтейін, жүрегім қан жылап тұр, - дейді Әнуардың анасы Тұрсынгүл Бисекенова. 

Қайғыдан көкірегі қарс айрылған ана қайғылы жағдайдың орын алуына "Горсеть" мекемесін кінәлі деп санайды. 

Коммуналдық кәсіпорын бір қабатты ғимараттың шатырына бала шықпайтындай қылып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс еді, - дейді ол. 

Оралда тоқ соққан 9 жасар бала қаза тапты

Балалардың маңайда ойнайтын жері де жоқ. Үйдің алдыңғы жағында ойын алаңы бар. Бірақ ол кішкентай балдырғандарға арналған. Ол жерге үлкен балалар доп ойнаса, ана жаққа барыңдар деп ата-аналар қуып шығады.  Сосын жоғары сынып оқушылары көбіне осы жерде қолдан қақпа жасап, футбол ойнайды. Қасында қосалқы станса тұр. Сол ғимарат шатырына адам өрмелемейтіндей етіп тормен қоршап тастағанда, мынандай оқиға орын алмас еді. Бүгін менің балам өлді. Ертең менің орнымда басқалар да аңырап қалуы әбден мүмкін ғой.  Кеше ауруханада жатқанда тоққа соғылған, трансформаторға түсіп қалған қанша баланы көрдім. Не деген немқұрайлылық? Құзырлы органдар қауіпсіздікті неге қамтамасыз етпейді? "Горсеть" ЖШС қайда қарап отыр? Төтенше жағдай басқармасы қайда қарап отыр? Мына теректі кеспей ме, мына ағашты алмай ма? Егер мына жерде ағаш жатпаса, терек салбырап тұрмаса, 9 жасар бала жоғарыға шыға алмас еді ғой. 30 сәуір күні ауруханаға түстім, содан бері кешірім сұрап ешкім алдыма келген жоқ. Ешкім көмек қолын созған жоқ. Ертең ұлымды соңғы сапарына шығарып салған соң, прокуратура органдарына барып қуынам. Кінәлілер жазасын алуы керек, - дейді ашынған ана.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »