Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Оңтүстік Корея жаңа президентін қашан сайлайды

2 Маусым 2025, 09:45
1015
Бөлісу:
 koreatimes.co.kr
Фото: koreatimes.co.kr

Оңтүстік Корея бірнеше айға созылған саяси дағдарыстан кейін 3 маусым күні кезектен тыс президенттік сайлау өткізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл сайлау елдің болашағына тікелей әсер ететін тарихи сәтке айналуы мүмкін.

Елдің жаңа бағыты қалай қалыптасады?

Жаңа сайланған президент бұрынғы мемлекет басшысы Юн Сок Ёльдің орнын басады. Желтоқсанда оның әскери жағдай енгізуі қоғамда наразылық тудырып, ақыры сәуір айында Конституциялық сот оны қызметтен шеттетті. Осы жағдайлардан кейін халықтың билікке деген сенімі төмендеп, ел ішіндегі саяси алауыздық күшейе түсті.

Жеңімпаз кандидат сәрсенбіде-ақ ресми түрде президент қызметіне кіріседі. Бұл жолы дәстүрлі екі айлық өтпелі кезең болмайды. Ел алдында тұрған басты міндеттер қатарында ішкі тұрақтылықты қалпына келтіру, АҚШ-пен сауда келіссөздері және Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасына қатысты қауіпсіздік мәселелері бар.

Кімдер үміткер?

Сауалнамалар бойынша басты үміткер либерал Ли Джэ Мён.

Gallup Koreaның соңғы сауалнамалары оның 46–49% қолдауға ие екенін көрсетіп отыр. Ал негізгі бәсекелесі консервативті Ким Мун Су - 35–37% аралығында дауыс жинауы мүмкін.

Ли - демократиялық партия өкілі. Ол бұған дейін де президенттікке үміткер болған және биылғы саяси дағдарыс кезінде Юн Сок Ёльге импичмент жариялау бастамасын басқарған.

Ким Мун Су — бұрынғы еңбек министрі. Оның "Халықтың күші" партиясы қазіргі таңда қоғам сенімін қалпына келтіруге тырысып жатыр. Алайда Юнды тікелей сынаудан бас тартуы оны орта жолдағы сайлаушылардан алыстатты.

Сондай-ақ, тағы төрт үміткер бар. Олардың ішінде консервативті Жаңа реформалар партиясының өкілі Ли Джун Сок бар. Ол Ким Чен Ын бастаған консерваторларды біріктіру туралы ұсынысты қабылдамаған.

Сайлауалды дода: айыптаулар мен тартыстар

Бұл жолғы сайлау мазмұннан гөрі айыптау мен кикілжіңдерге толы өтіп жатыр. Кандидаттар бір-біріне жеке шабуыл жасап, тіпті жыныстық астары бар қорлау сөздер де айтқан. Алайда нақты саяси бағдарламалар мен ел дамуы жөнінде ашық ұсыныстар аз.

Теледебат кезінде Ли Джэ Мён Кимді "Юн Сок Ёльдің аватары" деп атады. Ким болса, Лиді "диктатура қаупін төндіруші" деп сипаттаған. Ал Ли Джун Сок Лидің ұлын әнші әйелге қатысты сексуалдық тіл тигізу ісімен байланыстырғаны үшін қатты сынға ұшырады.

Сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселелері

Бұл сайлауда Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы басты тақырыпқа айналмады. Сарапшылар бұл үміткерлер арасында пікір айырмашылығы аз екенін білдіреді дейді. Дональд Трамптың «Америка бәрінен бұрын» саясаты мен тарифтік қысым мәселесі де аса талқыланбаған.

Шілденің 9-ында Трамп енгізген жаһандық тарифтер бойынша 90 күндік үзіліс аяқталады. Бұл Оңтүстік Корея өнімдеріне 25% кеден салығын салуы мүмкін. Қазіргі әкімшілік бұл тәуекелді азайту үшін АҚШ-пен келіссөздерді шілдеге дейін аяқтауға тырысып жатыр.

Ли келісімге асығудың қажеті жоқ деп есептейді. Ал Ким Трамппен кездесуді бірінші орынға қойып отыр.

Солтүстік Кореямен қарым-қатынас

Ли Джэ Мён Солтүстік Кореямен қарым-қатынасты жақсартуға дайын екенін айтты. Бірақ жақын арада саммит өткізу оңай болмайтынын да мойындады. Ол Трамптың Пхеньянмен ядролық келіссөздер бастауға ұмтылысын қолдайды. Ким Мун Су, керісінше, әскери әлеуетті күшейтіп, АҚШ-пен қауіпсіздік саласындағы байланысты тереңдетуді көздейді.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »