Қаржылық мониторинг агенттігі Нұржан Нұрлановтың рейдерлік іске қатысты құқықтық мәртебесіне түсініктеме берді. Қазір бұл қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда, алайда әзірге ешкімге күдікті ретінде ресми айып тағылған жоқ. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл факт бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қазіргі уақытта ешбір тұлға күдікті деп танылған жоқ. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты анықтауымыз қажет. Қосымша ақпарат әзірге жарияланбайды, – деді Елемесов.
Журналистер Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановтың аталған іспен байланысына қатысты сұрақ қойды. Бұған қатысты агенттік өкілі нақты жауап берді.
Ол күдікті ретінде танылған жоқ. Қазіргі уақытта куәгер ретінде жауап алынуы керек. Тергеу барысында жиналатын деректер негізінде құқықтық баға беріледі. Менің білуімше, ол қазір ел аумағынан тыс жерде, – деді ҚМА төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін кейбір БАҚ-та Нұрлан Нығматулиннің ұлы рейдерлік іске байланысты күдікке ілінді деген ақпарат тараған болатын.
Сонымен қатар бұрынғы Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Зайруллаұлына іздеу жарияланғанын да хабарладық.