Варшавадағы іс-шара 2024 жылғы қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы аясында екі елдің сыртқы істер министрлерінің кездесуінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру шеңберінде өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сұхбаттастар саяси диалогті одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық жобаларды іске асыруға деген өзара көзқарасты тағы да растады.
ҚР СІМ басшысы Мұрат Нұртілеу Польша Қазақстанның Орталық Шығыс Еуропа мен Еуропалық одақтағы маңызды серіктесі екенін атап өтті.
Дипломатиялық қатынастардың 33 жылы ішінде Астана мен Варшава саяси диалогті, парламентаралық өзара іс-қимылды нығайтуда, халықаралық ұйымдардың алаңдарында сындарлы өзара іс-қимылды жолға қоюда, сондай-ақ өзара тиімді негізде сауда-инвестициялық жобаларды іске асыруда, – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.
Өз кезегінде поляк министрі екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға ниетін білдірді.
Польша Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар Астанамен саяси диалогты нығайтуға да мүдделі, – деді Р.Сикорский.
Министрлер Қазақстан мен Польшаның көлік, энергетика, фармацевтика, білім беру, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру сияқты салалардағы ынтымақтастығын тереңдету үшін қолда бар кең әлеуетке назар аударды. Осы тұрғыда Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-поляк үкіметаралық комиссиясының үйлестіруші рөлі аталып өтті, оның 10-шы отырысы ағымдағы жылдың күзінде жоспарланып отыр.
Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық өзара байланыста Транскаспий халықаралық көлік бағдарының өсіп келе жатқан рөлін ескере отырып, қазақ тарапы поляк іскерлік қауымдастығын жаңа сауда және инвестициялық мүмкіндіктерді ашу мақсатында бірлескен логистикалық және инфрақұрылымдық жобаларға қатысуға шақырды.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестіріп», көпжақты құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға бейілділіктерін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Польша сыртқы істер министрліктері арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
Польша тарапы Еуропалық одақ пен Қазақстан арасында визалық режимді жеңілдету бастамасына берік қолдау білдіріп, Астана мен Брюссель арасындағы тиісті келіссөздердің тезірек басталуына жәрдемдесуге дайын екенін атап өтті.
Сондай-ақ, сапар аясында экономиканың негізгі салаларын қамтитын бірқатар ірі поляк компанияларының басшылығымен кездесулер өткізді