Қазақстан Энергетика министрлігі елдегі мұнай өндіру деңгейін сыртқы қысыммен байланыстырады деген ақпараттарға түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Республикасы ОПЕК+ келісіміне адалдығын растайды және жаһандық энергетикалық нарықтың тұрақтылығына өз үлесін қосу мақсатында барлық қабылданған міндеттемелерді орындауды жалғастырады, – делінген ресми хабарламада.
Ведомство Қазақстанның ОПЕК+ аясындағы серіктестік қатынастарды жоғары бағалайтынын және бұл ынтымақтастықты әлемдік мұнай нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды құрал деп санайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі Сауд Арабиясының бастамасымен ОПЕК+ альянсының кейбір елдерді, оның ішінде Қазақстан мен Иракты, өндіру квоталарынан жиі асып кеткені үшін жазалау шараларын қарастырып жатқанын хабарлаған болатын. Аталған ақпаратқа сәйкес, альянс маусым айында өндірісті тәулігіне 411 мың баррельге ұлғайтуға келіскен.