Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әкімшілігінің шенеуніктері тарапынан тұтқындау қаупіне ашық түрде жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ NBC News-ке сілтеме жасап.
Ньюсом федералды иммиграциялық рейдтерге қарсы пікір білдіргеннен кейін, Трамптың "шекара комиссары" Том Хоман заңға кедергі келтірген шенеуніктер қамауға алынуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.
Ол мені қайдан табуға болатынын біледі. Мұндай әңгіме шаршатады. Сонымен, Том, мені тұтқында. Кеттік, - деді Ньюсом MSNBC-ге берген сұхбатында.
Хоманның айтуынша, егер Ньюсом немесе Лос-Анджелес мэрі Карен Басс федералды иммиграциялық операцияларға қасақана кедергі келтірсе, бұл қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады.
Мен кез келген адам туралы айтып отырмын. Егер біреу заңсыз иммигрантты жасыруға немесе рейдтерге кедергі жасауға тырысса, ол жауапқа тартылуы мүмкін, - деді ол.
Басс бұл мәлімдемеге сабырмен қарады. Ол Ұлттық гвардияны енгізуге қарсы екенін айтқанымен, федералды үкіметпен қақтығысуды қаламайтынын атап өтті.
Менің онымен сөйлескенім рас. Ол менің қала мэрі екенімді түсінеді. Менің мақсатым – қақтығыс емес, - деді ол.
Дональд Трамп өз кезегінде шенеуніктердің "заң мен тәртіпті орнатуға" кедергі келтірсе, олар "сот алдында жауап береді" деп мәлімдеді. Алайда NBC News дереккөздерінің хабарлауынша, Ақ үй Ньюсом мен Басты тұтқындау туралы нақты жоспар құрмаған.