Мемлекеттік рәміздер әрбір елдің ұлттық болмысын, егемендігі мен тәуелсіздігін бейнелейтін басты құндылықтардың бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік рәміздер халықтың рухын көтеретін, елдің біртұтастығы мен тәуелсіздігін әлемге танытатын айрықша белгілер. Мемлекеттік рәміздерсіз толыққанды, дербес мемлекет туралы айту мүмкін емес.
Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған тұста мемлекеттің басты негіздерін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлді. Сол себепті де 1990 жылы қабылданған Тәуелсіздік декларациясы мен 1991 жылғы Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңнан кейін мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл – жас мемлекеттің рухани әрі саяси негізін айқындауға бағытталған маңызды қадам еді.
1992 жылдың 4 маусымы – тарихи күн
Қазақстанның тұңғыш мемлекеттік рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында, яғни еліміздің тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі 130-шы күні ресми түрде қабылданды. Бұл күн еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Сол сәттен бастап елімізде 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтуде.
Ал мемлекеттік Әнұран мәтіні 1992 жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Кейін, 2006 жылы 7 қаңтарда жаңа Мемлекеттік Әнұран заңды түрде қабылданып, 11 қаңтарда Қазақстанның Тұңғыш Президентін ұлықтау рәсімінде алғаш рет шырқалды.
Қызықты деректер
– Мемлекеттік Елтаңба Қазақстан азаматының жеке басын растайтын кез келген ресми құжатында міндетті түрде бейнеленеді. Бұл азаматтың елмен байланысын білдіретін басты символдардың бірі.
– Ту үнемі оң жаққа қарай желбіреуі тиіс. Бұл – рәміздерге қатысты қолданылатын арнайы ереженің бір бөлігі.
– 1992 жылы қабылданған алғашқы Мемлекеттік Әнұран 750-ге жуық жоба ішінен таңдалып алынған. Бұл оның қаншалықты мұқият әрі ұзақ іріктелгенін көрсетеді.
– Барлық мемлекеттік мекемелердің маңдайшасында Қазақстан Туы ілулі тұруы міндетті. Бұл талап арнайы заңмен бекітілген.
– Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында мемлекеттік рәміздерге арналып арнайы үш бап енгізілген.
Рәміздер – елдің рухын асқақтатқан символдар
Қазақстандағы ең үлкен Ту елордада орналасқан "Атамекен" этномемориалдық кешеніндегі Мемлекеттік рәміздер алаңында тұр. Оның биіктігі – 111 метр. Бұл кешен 2009 жылы салынған және ол қазақстандық патриотизм мен бірегейліктің көрінісі ретінде қалыптасқан.
1994 жылдың 1 шілдесінде қазақтың Туы алғаш рет ғарышқа көтерілді. Бұл миссияны еліміздің тұңғыш ғарышкері Талғат Мұсабаев жүзеге асырды. Кейіннен, 2015 жылы Айдын Айымбетов ғарышқа сапар шеккен кезінде Қазақстанның Туы Жерді 150 рет айналып шықты. Бұл – ел рәмізінің ғарыш кеңістігіндегі айшықты жеңісі.
Бұдан бөлек, қазақтың көк Туы әлемдегі әйгілі шыңдарда да желбіреген. Монблан (4 810 м), Памир тауының Ленин шыңы (7 134 м) және Эверест (8 800 м) сияқты биіктерде еліміздің Әнұраны шырқалып, Туы көкте қалықтады.