Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Климат дағдарысы шешілмей, ешқандай орнықты даму болмайды – Президент

29 Мамыр 2025, 11:06
211
Бөлісу:
 жасанды интеллект
Фото: жасанды интеллект

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан AIF-2025 форумында елімізде климат өзгерістеріне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы атап өткендей, әлемдегі уран қорының 40 пайызы Қазақстанның еншісінде. Сондықтан еліміз атом энергетикасын дамытуды ұлттық стратегияның басым бағыты ретінде қарастырады. 

Алайда климат дағдарысы шешілмей, ешқандай орнықты даму болмайды. Орталық Азия – планетадағы климат өзгерістеріне осал өңірлердің бірі. Мұнда ғаламдық жылыну деңгейі әлемдегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары. Бұл қиындықтарды еңсеру үшін өңірлік тұрғыдан үйлестірілген, прагматикалық бағыттағы климат күн тәртібін ілгерілетуге бейілміз. Оның аясында еліміз бірқатар халықаралық ұйымға мүше болып, келісімдерге қосылды. Келесі жылы Қазақстан БҰҰ-мен бірге Өңірлік экологиялық саммитін өткізеді. Бұл алаң Орталық Азия елдерінің стратегиясын жаһандық мақсатпен ұштастыруды көздейді, - дейді Тоқаев Астана халықаралық форумында.

Президенттің сөзінше, Қазақстан өзара құрмет пен аймақтық ықпалдастықты арқау еткен Орталық Азияның тұрақтылығы берік, ынтымағы бекем, болашағы айқын болғанын қалайды.

Екі ай бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын құру туралы қарарды ресми түрде қабылдады. Бұл – біздің көпжақты дамуға үлес қосқан маңызды жетістігіміз. Бұл орталық бірлескен жобаларға қолдау көрсетіп, техникалық сараптамаларды қамтамасыз етеді және халықаралық ынтымақтастықты үйлестіреді, - деп айтты ол форумда.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, AIF-2025 форумы өз жұмысын бастайтыны туралы жаздық. Ауқымды іс-шара Астанада өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AIF-2025 әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отырғанын, сондай-ақ Қазақстан 450 ядролық сынақтың зардабымен әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Президент жиын барысында Қазақстан қандай қағидатты қатаң ұстанатынын, сонымен қатар еліміз жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән беретінін айтты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан AIF-2025 форумында елімізде қандай реформалар жүргізілгенін атады.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »