Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Израиль IRIB ғимаратына соққы жасады: Иран СІМ бұл әрекетті әскери қылмыс деп атады

Кеше, 21:53
319
Бөлісу:
 REUTERS/HAMID AMLASHI
Фото: REUTERS/HAMID AMLASHI

Бүгін, 16 маусымда Израиль Қарулы күштері Иранның мемлекеттік телерадиокорпорациясы – IRIB (Islamic Republic of Iran Broadcasting) штаб-пәтеріне әуе соққысын жасады. Бұл ақпаратты Ирандық NourNews агенттігі растады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Иран Ислам Республикасының хабар тарату компаниясына агрессорлық шабуыл жасалды, - делінген агенттіктің Telegram-арнасында жарияланған хабарламада.

Ал Fars агенттігінің мәліметінше, шабуыл нәтижесінде студияда ауқымды қирау тіркелмеген. Алайда шабуыл тікелей эфир кезінде жасалып, хабар тарату уақытша үзіліп, көп ұзамай қайта қалпына келтірілді.

Осы оқиғаға байланысты Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багайи Израильдің бұл әрекетін қатаң айыптап, әскери қылмыс деп атады.

Мемлекеттік телерадиокорпорацияға жасалған шабуыл – Израиль тарапынан тағы бір қатыгез қылмыс. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бұл агрессияны тоқтату үшін өзіне жүктелген міндеттемелерін орындауы тиіс. Израиль режимі Иран халқына қарсы бағытталған, – деп жазды Багайи әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске сала кетейік, 13 маусымда Израиль Иран аумағына әуе соққыларын бастағаннан кейін елде төтенше жағдай жарияланған болатын. Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху бұл операцияның мақсаты – Иранның ядролық инфрақұрылымына соққы беру екенін мәлімдеген еді. Бұған жауап ретінде Иран бірнеше толқынды зымыран шабуылдарын жүзеге асырды.

16 маусымда Израиль сонымен қатар Иран Сыртқы істер министрлігінің ғимараттарының бірін де нысанаға алып, бірнеше бейбіт тұрғындар мен ведомство қызметкерлері зардап шеккені хабарланды.

Иран тарапы халықаралық қауымдастықты, әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін, Израильдің агрессиялық әрекеттеріне шұғыл жауап беруге және бейбіт халықты қорғауға шақырып отыр.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »