Ирландия жағалауынан 1787 жылы жұмбақ жағдайда суға кеткен британ кемесінің қалдықтары табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Daily Express басылымы таратқан мәліметке сәйкес, кеме Италиядан Ирландияға бағыт алған екен. Бортында алты адам – оның ішінде капитанның екі ұлы да болған. Өкінішке қарай, ешкім аман қалмаған. Кеме ирландиялық банкир Джон Ла Тушқа тиесілі құнды мәрмәр және қола бұйымдарды тасымалдаған.
Араға ғасырлар салып, кеменің су астындағы қалдықтарын әйгілі су асты іздеуші, батып кеткен кемелер бойынша маман Эдмонд О’Бирн бастаған экспедиция тапты. Ол алдымен кеменің штурвалын гидролокатор арқылы байқаған. Кейін сүңгуірлер тобы сол аумақта үлкен ағаш арқалық пен зәкірді де анықтаған.
Су астындағы кемеде бірнеше тарихи жәдігер – мыс шәйнек, сия сауыттары секілді өткен дәуірдің бұйымдары жақсы сақталған. О’Бирннің айтуынша, Recovery кемесінің қалдықтары 20 метр тереңдікте жатыр және оларды әлі де мұқият зерттеу қажет. Зерттеушілер жүк құрамында болған кейбір құнды бұйымдар жақсы сақталған деген болжам жасады.
Сарапшының пікірінше, болашақ зерттеулер кеме апатының нақты себебін анықтауға жол ашады. Алдын ала болжам бойынша, кеме кездейсоқ таяз жерге тап болып, соның салдарынан штурвал мен артқы бөлігін жоғалтқан. Осылайша, теңіздің иіріміне түсіп, апатқа ұшыраған болуы мүмкін.