Қазіргі таңда еліміз бойынша инженерлік желілердің жалпы ұзындығы шамамен - 137 мың шақырым. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің дерегінше, инженерлік желілердің орташа тозу деңгейі 49 пайызға жеткен. Оның ішінде 67 мың шақырым желі ауыстыруды қажет етеді.
Ең көп тозған инженерлік желілер Павлодар, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр, – деді Ерсайын Нағаспаев.
Биыл республикалық бюджеттен сумен жабдықтау объектілерін салу және қайта жаңарту үшін 176 млрд теңге бөлінген. Бұл жұмыстар халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін тозған инженерлік желілердің көлемін 40 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Бұған дейін Үкімет отырысында Энергетика вице-министр Сұңғат Есімханов жылыту маусымында ірі апат тіркелмегенін атап өтті. Оның сөзінше, жылу желілерін жөндеуге 100 миллиардқа жуық қаржы қажет.