Флора мен ғылымның үйлесімі: Аллергияға қарсы табиғи спрей жасаған ғалыммен сұхбат

Бөлісу:
 Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Аллергия — иммундық жүйенің шектен тыс реакциясы. Әлемде әрбір үшінші адам өмірінде кемінде бір рет аллергиялық реакцияға ұшыраған. Бұл мәселе әсіресе көктем мен жаз мезгілдерінде күшейе түседі. Осы ретте, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығы аллергияға қарсы табиғи спрей әзірлеп, бұл өнімді ғылыми жаңалық қана емес, отандық қолданбалы ғылымның нақты шешіміне айналдырды. Осыған байланысты, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі PhD докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Президенттік жастар кадр резервисті Әлібек Ыдырысұлымен сұхбаттасты.

- Сіздің аллергияға қарсы спрейіңіздің негізгі әсер ету механизмі қандай?

- Біздің табиғи негіздегі аллергияға қарсы спрейдің басты әсер ету механизмі – мұрын қуысының шырышты қабығын аллергендердің әсерінен қорғап, аллергиялық реакциялардың алдын алу және олардың симптомдарын жеңілдету. Бұл әсер бірнеше биологиялық жолдармен іске асады, соның ішінде гистаминнің бөлінуіне және оның белсенділігіне тікелей әсер ететін ферменттік механизмдер де бар. 

Бұл механизмдері түсіну үшін алдымен гистамин деген не деген сұраққа жауап беру керек. Гистамин - аллергиялық реакциялардың негізгі медиаторы. Ол аллерген әсерінен базофилдер мен тіндік мастоциттерден (тұқымдас жасушалардан) бөлініп, H1 рецепторлармен байланысу арқылы қышыну, ісіну, қызару және түшкіру сияқты белгілерді туындатады. Біздің спрейдің құрамына кіретін Қазақстанда өсетін дәрілік өсімдіктердің бірі -биофлавоноидтар мен полифенолдарға бай. Бұл заттар тікелей гистаминнің бөлінуін тежейді және H1 рецепторлармен байланысуын әлсіретеді. 

Сонымен қатар, олар келесідей ферменттік жолдарға да әсер етеді: Гистаминнің синтезі гистидин аминқышқылынан гистидин декарбоксилаза (HDC) ферменті арқылы жүзеге асады. Спрейдегі кейбір табиғи компоненттер (мысалы, кверцетин, апигенин) осы ферменттің белсенділігін тежейді. Нәтижесінде, жасушаларда гистаминнің түзілуі азаяды, бұл аллергиялық реакцияның басталуын әлсіретеді. 

Сонымен бірге, гистаминнің организмнен шығуын қамтамасыз ететін негізгі екі фермент бар: Спрей құрамындағы кейбір табиғи заттар осы ферменттердің белсенділігін арттыра алады. Мысалы, рутин мен лютеолин сияқты биофлавоноидтар DAO ферментінің белсенділігін күшейтеді, бұл гистаминнің ыдырауын жылдамдатады және оның тіндерге ұзақ әсер етуіне жол бермейді. 

Спрей құрамындағы екінші негізгі өсімдіктен алынатын хамазулен және апигенин заттары қабынуға қарсы әсер етеді. Олар фосфолипаза A2 және циклооксигеназа-2 (COX-2) ферменттерін тежеп, қабыну медиаторлары — простагландиндер мен лейкотриендердің түзілуін азайтады. Бұл мұрын шырышты қабығындағы ісіну, қызару және тітіркену белгілерін азайтады.

- Бұл спрей қандай аллергендерге қарсы тиімді (шаң, өсімдік тозаңы, жануарлардың жүні, т.б.)?

- Спрей құрамындағы шырыш түзетін және жұмсартатын табиғи компоненттер (мысалы, полисахаридтер, гель түзуші заттар) мұрын қуысында жұқа қорғаныс қабатын қалыптастырады. Бұл қабат ауадағы аллергендердің (шаң, тозаң, үй кенелері және т.б.) шырышты қабыққа тікелей енуіне тосқауыл болады. Бұл — аллергенмен тікелей жанасуды азайту арқылы аллергиялық реакциялардың алдын алатын физикалық қорғаныс механизмі.

- Сіздің өніміңіз қандай зертханалық және клиникалық сынақтардан өтті?

- Біздің аллергияға қарсы спрейіміз зертханалық сынақтардың бірнеше кезеңінен өтті. Алдымен in vitro жағдайында (жасушалық деңгейде) өсімдіктен алынған биологиялық белсенді қосылыстардың антигистаминдік және қабынуға қарсы белсенділігі зерттелді. Бұл мақсатта мастоцит тәрізді жасушаларда гистаминнің босап шығуын ELISA және флуоресценттік әдістер арқылы бағалау жүргізілді. 

Сонымен қатар, спрейдің прототипі зертханалық жануарларға (ақегеуқұйрықтар мен тышқандар) аллергенмен модельденген ринит кезінде қолданылып, оның қабынуға қарсы және антигистаминдік белсенділігі бақылау тобымен салыстырылды. Бұл зерттеулер оның қауіпсіздігін және тиімділігін растады. Қазіргі уақытта клиникалық сынақтарға дайындық кезеңі жүріп жатыр.

Флора мен ғылымның үйлесімі: Аллергияға қарсы табиғи спрей жасаған ғалыммен сұхбат

- Спрейді қолдану барысында адамдарға қандай да бір шектеулер бар ма?

- Қазіргі кезде клиникалық сынақтар толық жүргізілмегендіктен, нақты шектеулер туралы ғылыми тұрғыда тұжырым айту әлі ерте. Алайда жануарларға жүргізілген зерттеулер мен спрейдің табиғи құрамына негізделгендігін ескере отырып, оның кең ауқымды қауіпсіздік профиліне ие екенін айтуға болады. Мұрын қуысының шырышты қабығына тітіркендіргіш әсер бермейтіні байқалды. 

Дегенмен спрейдің құрамына кіретін өсімдіктерге жеке сезімталдық (идиосинкразия) болуы мүмкін. Сондықтан алдын ала патч-тест немесе дәрігердің кеңесі ұсынылады. Клиникалық сынақтар нәтижесінде нақты қарсы көрсетілімдер мен қолдану жөніндегі шектеулер анықталады.

- Бұл спрейдің басқа антиаллергендік өнімдерден қандай артықшылықтары бар?

- Біздің спрейдің басты артықшылығы – Қазақстанда табиғи түрде өсетін дәрілік өсімдіктерге негізделуі және жанама әсерлердің аздығы. Мұндай құрам оны экологиялық таза, жергілікті климат пен аллергиялық жағдайларға бейімделген өнім ретінде ерекшелейді. Химиялық дәрілерге қарағанда, бұл спрейдің жанама әсерлері аз және организмге табиғи бейімділігі жоғары. 

Біздің табиғи спрей аллергия белгілерін жеңілдетуге бағытталған кешенді әсерге ие, оның әсер ету механизмі құрамындағы Қазақстан аумағында өсетін дәрілік өсімдіктердің биологиялық белсенді заттарына негізделген. Әрбір компонент белгілі бір фармакологиялық рөл атқарады, және олар біріге отырып, мұрын қуысындағы аллергиялық және қабыну реакцияларын тиімді түрде басады. 

Мысалы негізі компонеттерінің бірі болған дәрілік өсімдік табиғи антигистамин ретінде пайдаланылады. Оның құрамындағы биофлавоноидтар мен полифенолдар гистаминнің босап шығуын тежейді. Бұл аллергиялық реакцияның негізгі себептерінің бірі саналатын гистаминнің әсерін әлсіретіп, қышыну, ісіну және түшкіруді азайтады.  

Ал және бір өсімдік құрамындағы хамазулен және апигенин секілді заттар қабыну медиаторларының бөлінуін тежейді, тітіркенуді азайтады. Бұл мұрын шырышты қабатындағы қызару мен күйдіру сезімін басуға ықпал етеді. Сондай-ақ, ол мұрын қуысының шырышты қабығын құрғатпайды және ұзақ уақыт қолдануға болады.

- Сіздің өніміңіз ұзақ мерзімді қолдануда қауіпсіз бе?

- Зертханалық сынақтар нәтижесі және спрей құрамындағы биологиялық белсенді заттардың қауіпсіздік профилі оның ұзақ мерзімді қолдануға жарамды екенін көрсетеді. Синтетикалық кортикостероидтар мен антигистаминдік заттардан айырмашылығы, бұл спрей тәуелділік тудырмайды және шырышты қабықтың функционалдығын бұзбайды. 

Сонымен қатар, құрамындағы биофлавоноидтар мен полифенолдар антиоксиданттық қасиетке ие болғандықтан, ұзақ қолдану барысында тіндердің қалпына келуіне де оң әсер етеді. Жиі және ұзақ қолданғанда да шырышты қабықты құрғатпайды, керісінше табиғи ылғалдылықты сақтауға көмектеседі.

Флора мен ғылымның үйлесімі: Аллергияға қарсы табиғи спрей жасаған ғалыммен сұхбат

- Спрейді жүкті әйелдер, балалар немесе егде жастағы адамдар қолдана ала ма?

- Әзірге клиникалық сынақтар бұл топтарда толық жүргізілмегенімен, жануарлармен жүргізілген токсикологиялық зерттеулерде әртүрлі жас және физиологиялық күйдегі модельдер қолданылды. Буаз және лактация кезеңіндегі кеміргіштерге жүргізілген сынақтарда эмбриоуытты немесе тератогенді әсер байқалмады. 

Сонымен қатар, егде жастағы және әлсіреген иммундық жүйесі бар жануарларда да спрейдің жақсы көтерімділігі тіркелді. Дегенмен, нақты медициналық бекіту үшін клиникалық сынақтардың адамға арналған кезеңін аяқтау қажет. Осыған байланысты балалар, жүкті және қарт адамдарға қолдану тек дәрігердің кеңесімен ұсынылады.

- Аллергияға қарсы спрей қолданғаннан кейін нәтижелер қанша уақытта байқалады?

- Спрейдің құрамындағы биологиялық белсенді заттар жергілікті қолданғаннан кейін тез әсер етеді. Әдетте алғашқы оң нәтиже 10-15 минут ішінде байқалады. Бұл әсер спрейдің мұрын қуысының шырышты қабатында қорғаныс қабат түзуі және аллергендердің енуіне кедергі жасауымен, сондай-ақ гистаминнің бөлінуін тежеуімен байланысты. 

Кейбір компоненттер (мысалы, хамазулен, апигенин) қабынуға қарсы медиаторлардың түзілуін азайтып, қызару мен тітіркенуді басады. Толық тұрақты әсер 3–5 күндік жүйелі қолданудан кейін байқалады, себебі мұрын шырышты қабығында қабыну процесі бәсеңдейді және тіндік гомеостаз қалпына келеді.

- Өнімді әзірлеу кезінде қандай ғылыми немесе технологиялық жаңалықтар пайдаланылды?

- Өнімді жасау барысында фитохимиялық скрининг, жоғары тиімділікті сұйықтықты хроматография (HPLC), молекулалық докинг әдістері және ферменттік белсенділікті in vitro зерттеу сияқты заманауи ғылыми әдістер қолданылды. 

Сонымен қатар, өсімдіктерден бөлініп алынған биофлавоноидтар мен полифенолдардың HDC және DAO ферменттеріне әсері алғаш рет зерттеліп, олардың антигистаминдік белсенділігі дәлелденді. Бұның бәрі отандық және шетелдік зертханаларда жүзеге асты. Микроэмульсиялық технология арқылы табиғи компоненттердің биожетімділігі арттырылды. Бұл спрейдің биологиялық белсенді заттарының әсерін ұзаққа созуға және сіңу тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік берді.

Флора мен ғылымның үйлесімі: Аллергияға қарсы табиғи спрей жасаған ғалыммен сұхбат

- Бұл спрейдің құрамында қандай негізгі белсенді компоненттер бар? Олардың әрқайсысы қандай рөл атқарады?

Спрей құрамына Қазақстан флорасынан алынған бірнеше дәрілік өсімдіктер кіреді. Олардың құрамындағы кейбір белгі биологиялық белсенді заттарын айтсам. Мысалы, кверцетин — табиғи биофлавоноид, гистаминнің босап шығуын тежейді, H1 рецепторларымен байланысын әлсіретеді. 

Апигенин - қабынуға қарсы әсерге ие, COX-2 және фосфолипаза A2 ферменттерінің белсенділігін тежейді. Хамазулен - тыныштандырғыш және антиқабыну әсер көрсетеді, тіндік тітіркенуді азайтады. 

Ал  рутин және лютеолин - антиоксиданттық және DAO ферментінің белсенділігін арттырушы заттар. Сонымен бірге, полисахаридтер -қорғаныс қабатын қалыптастырып, аллергендердің енуіне тосқауыл қояды. Және де басқа биокомпенеттермен бірігіп аллергиялық реакцияны бірнеше деңгейде тежейді, аллергеннің енуін азайтады, гистамин түзілуін тежейді, қабынуды басады.

- Сіздің өніміңіз табиғи компоненттерге негізделген бе, әлде синтетикалық ингредиенттер бар ма?

- Өнім толығымен табиғи компоненттерге негізделген. Оның құрамында Қазақстанда өсетін дәрілік өсімдіктерден алынған экстракттар, сонымен қатар көмекші зат ретінде микроэлементтер (мысалы, күміс ионы) және теңіз тұзы бар. Синтетикалық антигистаминдер, кортикостероидтар немесе жасанды консерванттар қолданылмаған. Бұл өнімнің қауіпсіздігін арттырып, ұзақ қолдануға мүмкіндік береді. Табиғи негіз оның жергілікті аллергиялық жағдайларға бейімделуін де қамтамасыз етеді.

Флора мен ғылымның үйлесімі: Аллергияға қарсы табиғи спрей жасаған ғалыммен сұхбат

- Болашақта өнімді жетілдіру немесе оның басқа түрлерін жасау жоспарларыңыз бар ма?

- Иә, қазіргі таңда өнімнің бірнеше модификациясын жасау бағытында жұмыс жүріп жатыр. Балаларға арналған жұмсақ формуланы әзірлеу, аллергияның басқа түрлеріне (мысалы, тері аллергиясына) арналған сыртқа қолданылатын крем немесе аэрозоль түрлері қарастырылуда. 

Сонымен қатар, құрамға пребиотикалық компоненттер енгізу арқылы мұрын қуысының микробиомын қалпына келтіруге бағытталған нұсқасы зерттелуде. Болашақта спрейдің биожетімділігін арттыру үшін липосомалық немесе наноқұрылымды жеткізу жүйелерін қолдану жоспарланып жатыр.

- Бұл өнімді жасауға не түрткі болды?

- Біздің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қарамағындағы Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығы бірнеше жылдан бері әлеуметтік маңыз бар ауруаларға табиғи қосылыстардың әсерін қарастырады. Орталықта Қазақстан республикасы ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитеті қаржыландырылатын жобалар бар (AP23484931, AP13067924). Біз осы жобаларды жүзеге асыру барысында кейбір Қазақстан флорасында өсетін өсімдіктердің құрамындағы қосылыстардың гистаминге қарсы белсенділік көрсететінін байқадық. Осыдан бастап табиғи, қауіпсіз, экологиялық таза және жергілікті жағдайларға бейімделген өнімді жасау идеясы пайда болды. Бұл жоба — қолданбалы ғылымның нақты шешімге айналған үлгісі.

- Ғылыми зерттеулеріңіз кезінде қандай ерекше қиындықтарға тап болдыңыз?

- Бастапқы қиындық – гистаминдік жолдарды зерттеуге арналған заманауи зертханалық құралдардың жетіспеушілігі болды. Бұл мәселені шешу үшін біз басқа отандық және шетелдік ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнатып, кейбір анализдерді бірлесіп жүргіздік. 

Сонымен қатар, бұл зерттеу жеке қызығушылықтан туындап жүріп жатқандықтан қаржылық қиындықтарда болды, алайда осы жаңалықты естіген бір-екі жеке меншік клиникалық орталық құрал-жабдықтық, реактивтік қолдау білдірді. 

Сондай-ақ, биологиялық белсенді заттардың нақты әсер ету механизмін молекулалық деңгейде дәлелдеу қиынға соқты. Хроматографиялық, ферменттік және молекулалық модельдеу әдістерін біріктіру арқылы бұл мәселе шешілді. Тағы бір қиындық — табиғи заттардың тұрақтылығын және биожетімділігін сақтау. Мұны шешу үшін заманауи тасымалдаушы жүйелер қолданылды. Зерттеу алдағы клиникалық зерттеулерді талап етеіндіктен, оны толық аяқтау бірнеше жылға созылатыны сөзсіз, сонымен бірге өнімді мемлекеттік стандартқа сай жасауда көп еңбекті талап ететіндігін айта кеткен жөн.

- Әңгімеңізге рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »