ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы еліміздің мемлекеттік басқару жүйесіне кәсіби, білікті мамандарды даярлап келеді. BAQ.KZ тілшісіне оқу орнының ерекшелігі, қабылдау тәртібі мен түлектердің қазіргі қызметі жөнінде Академияның Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Ержан Жаров сұхбат берді.
BAQ.KZ: Мемлекеттік басқару академиясы жөнінде сөз қозғасақ. Академияның басты мақсаты мен ерекшелігі қандай?
Ержан Жаров: Мемлекеттік басқару академиясы 1994 жылы құрылған. Оның басты мақсаты – нарықтық қатынастарды меңгерген, жаңаша ойлайтын отандық басқарушыларды дайындау. Қазір Академия – мемлекеттік қызметшілерді оқытатын, қайта даярлайтын және біліктілігін арттыратын ерекше мәртебеге ие жоғары оқу орны. Басты ерекшелігі – оқыту тек теориямен шектелмейді, тәжірибеге де көп көңіл бөлінеді. Еліміз бойынша Академияның 19 филиалы бар. Олар жергілікті мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға жүйелі түрде атсалысып келеді.
BAQ.KZ: Академияға магистратура мен докторантураға қабылдау науқаны басталғанын білеміз. Осы жайлы толығырақ айта кетсеңіз? Оқуға қабылдау процесі қалай өтеді және үміткерлер қандай кезеңдерден өтеді?
Ержан Қайырұлы: Академияға түсу үшін үміткер тек кәсіби тұрғыдан емес, көшбасшылық қабілеті мен жан-жақты ойлау қабілеті жағынан да бағаланады. 2025–2026 оқу жылына қабылдау науқаны 1 сәуірде басталды, құжаттар 25 маусымға дейін қабылданады. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқысы – 28 маусым мен 1 шілде аралығында өтетін аналитикалық эссе жазу. Бұл үміткердің кәсіби мәселелерге көзқарасын, сыни ойлау дағдысын көрсетуге мүмкіндік береді. Келесі кезең – 8-23 шілде аралығында өтетін сұхбат. Мұнда үміткердің терең білімі, стратегиялық тұрғыдан ойлай білуі, өзін дамытуға деген ынтасы мен қарым-қатынас дағдылары ескеріледі. Сұхбат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. 25 шілде күні аралық қорытынды жарияланып, оқуға қабылданғандар 7 тамызға дейін келісімшартқа қол қояды. Оқу 1 қыркүйекте басталады. Докторантураға түсетіндер 25 маусымға дейін өз зерттеу жоспарын (research proposal) тапсырады. Онда мәселенің өзектілігі, әдістемесі, күтілетін нәтижелері мен шешу жолдары нақты көрсетілуі қажет.
BAQ.KZ: Биылғы үміткерлерге қандай жаңалық бар? Академияның қандай талаптары өзгеріс үстінде…
Ержан Жаров: Қазіргі заман талаптары өзгеріп жатқандықтан, біз де іріктеу талаптарын үнемі жаңартып отырамыз. Соңғы өзгеріске сәйкес, магистратура бағдарламалары үшін еңбек өтілі 2 жылдан 3 жылға ұлғайтылды. Ал «Мемлекеттік басқару» мен «Мемлекеттік саясат» бағдарламаларына түсетіндер үшін бұл көрсеткіш – тиісінше 5 және 4 жыл. Бұдан бөлек, үміткер мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгергенін QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификатымен дәлелдеуі қажет. Грантқа түскісі келетіндер мемлекеттік орган басшысының немесе аппарат жетекшісінің жолдамасын ұсынуы тиіс.
BAQ.KZ: Ақылы оқуға мүмкіндік бар ма? Оған кімдер түсе алады?
Ержан Жаров: Иә, оқуға ақылы түрде де түсуге болады. Грант конкурсына қатысып үлгермеген мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ азаматтық салада жұмыс істейтін немесе басқару саласына қызығушылығы бар азаматтарға есігіміз ашық. Одан бөлек, Академияда модульдік оқыту бағдарламасы да бар. Онда тыңдаушыларға оқуды жұмыспен қатар алып жүруіне мүмкіндік бар. Оқу алты модульден тұрады және онлайн, офлайн форматта қатар жүргізіледі.
BAQ.KZ: Білім алушылардың орташа жасы қандай? Көбіне қай саладан үміткерлер келіп жатады?
Ержан Жаров: Магистратурада білім алушылардың орташа жасы – 35, докторантурада – 40 жас. Бұл – «өмір бойы білім алу» қағидатын айқын көрсететін көрсеткіш. Академияда оқып жатқандардың қатарында орталық мемлекеттік органдардың өкілдері де, аудандық деңгейдегі әкімдіктерде қызмет атқарып жүргендер де бар. Жас мамандар да, тәжірибелі басшылар да қатар отырып білім алады. Соның арқасында сабақ барысында пікір алмасу кеңейіп, жаңа идеялар пайда болады. Негізгі шарт – шын ықыласпен білім алуға ниет білдіру.
BAQ.KZ: Оқу бағдарламаларында заман талабына сай тақырыптар қамтылған ба?
Ержан Жаров: Әрине. Біз оқу мазмұнын үнемі жаңартып отырамыз. Қазіргі таңда цифрлық трансформация, тұрақты даму, өңірлік саясат, әлеуметтік әділеттілік, адами капиталды дамыту, мемлекеттік басқарудағы инновациялар сияқты тақырыптар оқу бағдарламасының негізгі бөлігі. Академия 12 білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабылдайды: 9 магистратура, 3 докторантура. Биыл алғаш рет «Цифрлық мемлекеттік басқару» атты жаңа магистратура бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама цифрлық шешімдерді меңгеріп, оларды мемлекеттік басқару саласына енгізе алатын мамандарды дайындауға бағытталған.
BAQ.KZ: Құжат тапсыру процесі қалай жүзеге асырылады?
Ержан Жаров: Құжат тапсыру толығымен онлайн режимде жүреді. Біз Smart Академия жобасы аясында Admission ақпараттық жүйесін іске қостық. Бұл жүйе арқылы үміткерлер өтінім беріп, іріктеу процесінің барлық кезеңінен өте алады. Осылайша қабылдау ашық әрі әділ өтеді. Қазақ тілі деңгейін анықтау үшін де Академияның онлайн Qazaq Resmi test жүйесі жұмыс істейді. Үміткер тестті өзіне ыңғайлы уақытта, кез келген жерден тапсыра алады.
BAQ.KZ: Академияны бітірген мамандар бүгінде нақты қандай рөл атқарып жүр?
Ержан Жаров: Біздің түлектер бүгінде мемлекеттік басқару жүйесінің түрлі саласында қызмет етіп жүр. Олар министрліктер мен әкімдіктерде, ұлттық компанияларда, халықаралық ұйымдарда жауапты қызметтер атқарып, стратегиялық шешімдер қабылдауға, реформаларды жүзеге асыруға, инновация енгізуге белсенді қатысып жатыр. 2023 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістердің арқасында Академияның үздік түлектері (өңірлік деңгейде) конкурссыз мемлекеттік қызметке қабылдана бастады.
BAQ.KZ: Сіз Ақмола облысы бойынша филиалдың басшысысыз. Филиал қандай міндеттер атқарады?
Ержан Жаров: Филиал негізінен мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырып, аймақтық қажеттіліктерге сай бейімделген бағдарламалар ұсынады. Қайта даярлау курстары мен біліктілікті арттыру семинарларында шамамен жылына 2000 мемлекеттік қызметшілерді оқытамыз. Сабақ беруге біздің оқытушылармен бірге жергілікті мамандар мен салалық сарапшылар да тартылады. Сонымен қатар кадрлық саясат, кәсіби даму, құзыреттілік моделін енгізу сияқты бағыттарда сараптамалық жұмыстар жүргізіп келеміз. Біз оқыту ғана емес, зерттеу және практикалық ұсыным әзірлеу орталығына айналуға тырысып жатырмыз. Сонымен бірге, Академияға түскісі келетіндерге кеңес беріп, қабылдау науқаны кезінде жергілікті органдарда түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
BAQ.KZ: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!