Астанада Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда "Ардагерлер көктемі" атты шығармашылық ұжымдардың фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өнер байқауында 61-75 жас аралығындағы өнерпаз ата-әжелер бақ сынауда. Атап айтқанда, "Есіл толқындары" халықтық ансамблі, "Березка" мен "Әдемі" вокалдық топтары, "Жалын", "Қыздарай" және "Магия вальса" би топтары, "Дайдидай" өнер ұжымы мен жеке орындаушылар өнерлерін паш етеді.

Осымен екінші рет түндігі түріліп отырған фестиваль Астанадағы өнерлі зейнеткерлерден құрылған шығармашылық ұжымдардың шеберліктерін жетілдіруді мақсат тұтқан. Осылайша, аға буын өкілдерінің мәдени-эстетикалық тәрбиені нығайтуға үлес қосып, жастарға үлгі болуын және белсенді зейнеткерлікті насихаттауды алға қойған.
Фестиваль осымен екінші рет өткізіліп жатыр. Биылғы байқаудың ерекшелігі — ол Жеңістің 80 жылдығына арналған. Бүгінгі күні қаламызда 146 мың зейнеткер болса, соның ішінде 80 мыңы — белсенді зейнеткер. Зейнетке шыққан соң өмір бойы белсенді болып жүрген кісілерге үйде отыру оңай емес. Олар 6 ауданда орналасқан 25-тен астам түрлі үйірмелерде бос уақыттарын тиімді де қызықты өткізе алады. Бүгінгі фестивальге сол белсенді зейнеткерлердің арасынан 200-ге жуық адам қатысып отыр. Олар 25 ұжымның ішінен іріктеліп, оқ бойы озып шыққандар, - деп атап өтті Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Салтанат Меңлібаева.
Аталған мәдени шараға Алматы, Байқоңыр, Сарыарқа, Нұра, Есіл, Сарайшық аудандарынан 200-ден астам өнерпаз зейнеткерлер белсене атсалысты.
Мәдени іс-шара Астана қаласы әкімінің "2025-2029 жылдарға арналған Белсенді ұзақ өмір сүру жобасы" аясында ұйымдастырылды. Сондай-ақ "Ұлы Жеңістің 80 жылдығы" мен "Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы" тақырыптарын арқау еткен. Фестивальде жергілікті ақын-композиторлардың әндері, патриоттық шығармалар мен халықтық туындылар да орындалды.

Гала-концертте "Беу айдай", "Жас қазақ", "Қара кемпір", "Победа", "Ана туралы баллада", "Ауылым" әндері мен "Балбырауын" күйі орындалып, "Эхо войны", "Вальс фронтовой медсестры" билері көрермен назарына ұсынылды.

Фестиваль ұйымдастырушылары үздік өнер ұжымдарын ерекше атап өтіп, "Үздік хор ұжымы", "Үздік сахналық қойылым", "Авторлық шығарма", "Үздік вокалдық топ", "Үздік би тобы", "Шығармашылық шабыты үшін", "Үздік жеке орындаушы" аталымдары бойынша үздіктерді марапаттайды.