Елімізде зияткерлік меншікті қорғау күшейтіледі

23 Сәуір 2025, 10:35
345
Бөлісу:
Елімізде зияткерлік меншікті қорғау күшейтіледі
Фото: Мәжіліс

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, құжат зияткерлік меншікті қорғауға қосымша құқықтық тетіктер енгізуді көздейді.

Заң жобасы аясында түзетулер екі кодекске – Азаматтық және Кеден кодекстеріне, сондай-ақ бес салалық заңға енгізіледі. Атап айтқанда:

  • Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заң,
  • Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы заң,
  • Патент заңы,
  • Тауар белгілері туралы заң,
  • Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы заң.

Негізгі жаңалықтар қатарында:

- Хабар тарату ұйымдарының құқықтарын нақтылау
Авторлық құқық туралы заң Рим конвенциясына сәйкестендіріліп, хабар тарату ұйымдарының айрықша құқықтары нақты көрсетіледі.

- Марракеш шартына сәйкес еркін пайдалану тәртібі енгізіледі
Көру қабілеті шектеулі азаматтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында, жария етілген туындыларды автор келісімінсіз көшіруге, таратуға және көрсетуге рұқсат беріледі.

- Тауар белгілеріне жедел сараптама енгізу ұсынылды
Қазіргі жеті айлық мерзімнің орнына, тауар белгісіне құқықты үш ай ішінде алуға мүмкіндік беретін жаңа тәртіп ұсынылды. Бұл әсіресе шағын және орта бизнес үшін маңызды.

- Қарсылық білдіру мерзімі ұзартылмақ
Тауар белгілеріне қатысты өтінімдер бойынша қарсылық жіберу мерзімі бір айдан екі айға дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл өзгеріс сотқа дейінгі және соттағы даулардың алдын алуға бағытталған.

Жаңа нормалар зияткерлік меншікті тиімді қорғауға және кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »