Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Бюджетті әкімдердің ықпалына қарай бөлу тоқтамай тұр – депутат

2 Маусым 2025, 13:35
606
Бөлісу:
 Арман Мухатов  - архив
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Үкімет сағатында донор өңірлерге қатысты әділетсіз бюджеттік бөлініс туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық қорға мол қаржы құятын өңірлер бүгінгі күні субвенция алатын 17 өңірдің қатарына кіреді. Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, өңірлерден түскен қаржыны республикалық бюджет алып, қайта бөліп отыр. Алайда донор саналатын Астана, Алматы және Атырау секілді ірі өңірлер қалғандарын “асырау” міндетін атқарады деген пікір қоғамда жиі айтылады.

Неге донорларды есептеген кезде ұлттық қорға түскен ақшаның көлемі ескерілмейді? – деп сұрады депутат.

Ол Батыс Қазақстан облысын мысалға келтірді. Бұл өңір дәстүрлі түрде республикаға көп қаражат беріп отырғанымен, трансферт түрінде ең аз қаражат алатын өңірлердің қатарында.

Абзал Құспан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы көтерген “бюджеттердің әділ бөлінуі” туралы бастаманы еске салып, одан бері алты жыл өтсе де, жағдайдың өзгермегенін айтты.

Серік Мақашұлы (Жұманғарин) баяндамасында “әкімдердің ықпалынан құтылатын боламыз” деп айтып қалды. Мен бұған сенгім келеді, бірақ алты жыл бойы өзгермеген жүйеге куә болып келе жатырмыз. Біз әкімдердің ықпалдылығы сынды адами фактордан қашан құтыламыз? Сіздің әдістемеңіз әлі де жетілдіруді қажет етеді деп есептеймін, – деді ол.

Оның сөзінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша қай өңір республикалық бюджетке көп қаражат бергенін салыстыру арқылы, қай әкімнің ықпалы күшті екені анық аңғарылады.

Сол өңірлерге көбірек қаражат бөлінеді. Бірақ ол аймақтардан түсіп жатқан нақты түсім ескерілмей отыр, – деді депутат.

Еске салайық, осыған дейін барлық өңір республикалық бюджетке қарап отырғаны айтылған. Сонымен қатар, 2026 жылы облыстардағы кірістің 40%-ы жергілікті бюджетте қалып отырағанын, “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы тоқтайтынын жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »