Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты бұрынғы спорт министрі Ерлан Қожағапановқа үкім шығарды. Ол үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізуге 2018 жылы бөлінген 1 миллиард теңгені жымқырды деп танылып, Қылмыстық кодекстің 361-бабының 4-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп танылды.
Екінші айыпталушы — “Success K” компаниясының басшысы Ляззат Көккөзова 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша айыпталған.
Ерлан Қожағапанов екі рет Мәдениет және спорт вице-министрі (2017-2019, 2021 жылдары), сондай-ақ Премьер-министрдің кеңесшісі (2016-2017, 2021-2022 жылдары) қызметтерін атқарған. Сонымен қатар, ол 2019-2021 жылдары Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары болған.