Қазақстанның соңғы жаңалықтары

“Бұл ақша далаға шашылып жатыр деген сөз”: Қошанов министрдің жауабын сынады

18 Маусым 2025, 12:01
447
Бөлісу:
 Үкіметтің баспасөз қызметі
VIDEO
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау педагогикалық кадрларды даярлау жүйесінің тиімділігіне қатысты мәселе көтеріп, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экономика, денсаулық сақтау, цифрландыру немесе патриотизм – мұның бәрінің бастауында мұғалім тұр. Сондықтан мұғалімдерді даярлау саласындағы қателіктер тек басқарушылық қателіктер ғана емес, сонымен қатар ондаған жылдар бойы салдары бар стратегиялық қателіктер. Аудит деректері бойынша педагогтерді даярлауға мемлекеттік тапсырыс жылдар бойы нақты қажеттілікті есепке алмай, тиісті мониторингсіз және еңбек нарығындағы нақты жағдаймен байланыссыз қалыптастырылады, - дейді депутат.

Мәселен, 2022 жылы қажеттілік 7,5 есе, 2023 жылы 9,3 есе артқан. Үш жыл ішінде бұл бюджеттің 31,8 млрд теңгеге немесе 13 905 қосымша грантқа артық шығындалуына әкелді.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша түлектердің 90%-ы жұмысқа орналастырылмаған. 35 мыңнан астам педагог жұмыссыз, ал 60 мыңнан жұмыспен қамту туралы деректер мүлдем жоқ. Сонымен қатар заңда көзделген жоғары білімнің ағымдағы жағдайы бойынша ұлттық есеп 2 жыл қатарынан жарияланбайды. Неліктен мемлекет тіпті мемлекеттік білім беру жүйесінде сұранысқа ие емес мамандарды даярлауға миллиардтаған қаражат жұмсайды? Не дұрыс болмады және жағдайды түзету үшін не жасалады? – деп сұрады депутат Нұргүл Тау.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз кезегінде министрлік құрылғалы педагогикалық кадрларды даярлау мәселесін бақылауға алғанын айтты.

Жүйелі шешімдерді қабылдадық. Ғани Бектайұлы (Оқу-ағарту министрі – ред.) екеуіміз тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс Еңбек министрлігі берген еңбек нарығының болжамына тікелей сәйкестендірілген. 2030 жылға дейін орта болжам бойынша 883 000-нан астам маман тапшы болады. Оның ішінде 20%-ы педагогикалық кадрлар. Сол себепті қазір мемлекеттік тапсырысымыз осы 20%-ға ұштастырылған. Мысалы, биыл берілетін 77 мыңдай гранттың 15 мыңға жуығы педагогикалық кадрларға бағытталған, - деп жауап берді министр.

Оның сөзінше, соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысы өсіп, студенттердің стипендиясы да көтеріліп жатыр. Жалпы салаға жастарды тартуға шаралар қабылданып жатыр.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов министрге депутат мамандарды даярлауға миллиардтаған қаржы жұмсалатынын сұрап, нақты сұрақ қойғанын ескертті.

Негізі нақты сұрақ болды. Мамандарды даярлауға миллиардтаған қаржы жұмсалады, бірақ олар кейін қажетсіз болып қалады. Жұмысқа 90%-ына дейін орналаспайды. Сұрақ солай қойылды. Оған нақты жауап беріңіз, тек сапа туралы емес, - деді спикер.

Саясат Нұрбек депутат Нұргүл Тау берген деректер ескі екенін атап өтті.

Ол деректер 2019-2021 жылдарға берілген. Ұстаздар тек мектепке емес, ашылып жатқан халықаралық, шетелдік мектептерге, жаңа оқу орындарына орналастырылды. Бұл туралы толық ақпаратты біз беруге дайынбыз, - деп айтты Саясат Нұрбек.

Қошанов министрге депутаттың нақты сұрағына нақты жауап беру керегін тағы да ескертті.

Қанша студент мемлекеттік грантпен оқуды бітірді? Олардың қаншауы жұмысқа орналастырылды? Депутат 90% (орналаспады) деп отыр, - деп айтты Мәжіліс төрағасы.

Саясат Нұрбектің айтуынша, түлектердің 90%-ы жұмыспен қамтамасыз етілмеді деген ақпарат берілді. Оның ішінде 30 мыңы жұмыссыз, ал 60 мыңы бойынша ақпарат берілмеді деген дерек бар. 60 мың түлек бойынша толық ақпаратты беруге дайынбыз деді министр. Оның айтуынша, олар жұмысқа орналастырылған.

Ал 2022-2023 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс толыққанды Еңбек министрлігі берген ақпараттармен сәйкестендірілген.

Министр мырза, бұл өте маңызды мәселе. Бұл мемлекеттің ақшасы далаға шашылып жатыр деген сөз. Депутат осы мәселені көтеріп отыр. Қазіргі таң бар. Бірақ бүгін кешегі таң туралы әңгіме болып отыр. Қазіргі таңдағыны келесі жылы сөйлесеміз, - деді Ерлан Қошанов Саясат Нұрбектің қазіргі таңда жүйелі шаралар қабылданды деген сөзін сынап.

Өзгелердің жаңалығы
OSZAR »